Түн ішінде ұрланған сәбиді полиция қызметкерлері тапты

363

Шымкентте түн ішінде ұрланған сәби сол түні табылды. Ол аман-есен деп хабарлайды облыстық ішкі істер департаментінің баспсөз қызметі. Келеңсіз жағдай Шұғыла шағынауданында орын алған.

004

Жас баланың ата-анасы өз перзенттерін қылмыстың ізі суымай жатып тауып берген тәртіп сақшыларына алғыс айтады. Бұл оқиға 21-қазан күні түнде орын алған. Шымкент қаласындағы Абай полиция бөліміне 33 жастағы азамат хабарласып, көмек сұрайды.

Оқиға орнына жедел жеткен тәртіп сақшылары түнгі сағат 03:00 пен 04:00 аралығында жәбірленушілердің балалары ұрланғанын анықтайды. Қараңғы кезде үйге кірген белгісіз біреулер 8 айлық сәбиді алып кетіпті. Үйдегі адамдар ештеңені білмей қалған.

Жоғалған нәрестені іздеуге полиция бөлімінің бір құрам қызметкерлері мен үйретілген ит жетектеген кинологтар жұмылдырылады. Өкінішке орай, сол түні қалың жауған жаңбырдың кесірінен ит далаға шыққан соң ізден айрылып қалады. Дегенмен, полиция қызметкерлері сол маңдағы әр үй мен құрылыс нысанын сүзіп, сәбиді іздестіруді жалғастырады.

Арада бір сағат уақыт өткен соң, таңға жуық полицейлер нәрестені құрылысы толық бітпеген үйдің ішінен тауып алады. Құдай сақтағанда шақалақ қатты жаурап қалғаны болмаса, дін аман. Еш жері жарақаттанбаған. Оны ұрлағандар жерге қалдырған күйі қашып кетіпті.

Қазіргі кезде тәртіп сақшылары қылмысты кодекстің 124-бабы, «Адам ұрлау» фактісі бойынша қылмысты іс қозғап, қаскөйлерді іздестіріп жатыр. Ал отбасына аман-есен оралған сәбидің ата-анасының тез арада көмек көрсеткен полиция қызметкерлеріне деген алғысы шексіз.