«Бақыт» гормонын сыйлайтын бөлме бар

Облыстық клиникалық аурухананың физиотерапия бөлімі жаңа емдік бөлмемен толықты. Тұзды шахта. Аурухана тарихында бұрын соңды болмаған жаңалық. Күн сайын дамып жатқан медицина емдеудің бұл түрін әлдеқашан тиімді деп тапқан-ды. Енді облыс халқына да тұзды шахтаның бар кереметін сезінуіне мүмкіндік бар.

Спелеотерапия. Грек тілінен аударғанда spelaion – үңгір деген мағынаны білдіреді. Тұзды үңгірдің екі түрі бар. Табиғи және жасанды. Алғашқысы еліміздің Батысында және Алтай жерінде көп кездеседі. «Қатонқарағай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі тұзды үңгірлер кеңес одағының тұсында бүкіл ТМД мемлекеттеріне даңқымен танылған еді. Бертін келе сол табиғи үңгірлерден жиналған тас тұздар арқылы жасанды үңгір жасап, емдеу әдісін алыс-жақын шетелдің біраз шипажайлары қолдана бастады. Жасанды үңгірдің ағзаға берер шипалы әсері табиғи түрінен кем емес. Себебі тұзды бөлмені тау микроклиматына сәйкестендіріліп жасақтайды. Айтпақшы мұндай микроклимат тыныс жолдары ауруларына шалдыққан науқастарды сауықтырудың бірегей әдісі.

45-007

Енді тұзды үңгірдің ағзаға әсер ету жолдары жайында айтайық. Аталған бөлменің емдік сипаты тыныс жолдарын техногендік және экологиялық сипаттағы қолайсыз әсерлерден қорғауға мүмкіндік береді. Үңгірдің өзіне сай жеңіл ауасы бар. Тарқатып айтсақ, үңгірге кірген бойда ағзаңызға натрий, калий, кальций, магний тұздарының ұсақ бөлігі жағымды жағынан әсер ете бастайды. Сондай-ақ ол бөлмеде теріс аэроиондар бар. Бұл дегеніңіз жөтелгенде ішетін түрлі сұйық шәрбәттар мен тамаққа себетін дәрілердің құрамында кездесетін химиялық элементтердің табиғи түрімен тыныс ала бастайсыз. Мұндай аэрозоль және аэроиондармен тыныстау арқылы қақырық сұйылып, шығуы жылдамдайды. Оның үстіне бронх өткізгіштігінің әсері жақсарады. Бір сөзбен айтқанда өкпенің жұмысы жақсарып, тыныс алу жолдары түрлі дерттен сауыға бастайды. Тұзды бөлменің ауасын жұту арқылы өкпеге ғана емес, жүрек жұмысын да жақсарта аласыз. Үнемі соғып тұратын жүректің бұлшық ет екенін ескерсек, тұзды ауа жүректің жиырылу қызметінің артуына ықпал етеді. Яғни жүрекке арналған жаттығуды тыныстау арқылы да жасай аласыз. Осы арқылы артериялы гипертониямен (қан қысымы) ауыратындардың қысымы төмендейді. Үңгірдің кереметі мұнымен бітпейді. Біле білсеңіз, бөлменің арнайы мик-роклиматы эндокринді жүйенің де жұмысын жақсартады. Демек, қалқанша безіне қажетті барлық гармондар бөлініп, көңіл күйіңіз жақсара бастайды. Себебі біздің ашу мен күйзелісте, түрлі уайымдау мен өзге де психологиялық жағдайдың әсерінен қалқанша безіміздің жұмысы нашарлай түседі. Мұндайда әйелдерде сүт безінің түрлі аурулары дамыса, ерлерде асқазан аурулары бас көтереді. Ал қалқанша безіне қажетті гармондар белсенді болған сайын, аурудан да алшақ боламыз. Дәрігерлер мұндай гармонға «бақыт» деген атау берген. Емнің нәтижесінде ересектердің 90-92 және балалардың 94-96%-да оң әсер байқалған.

Ақмарал АЛТЫНБЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №45, 05.11.2014