Мұғалім жалақыға жарып жүр ме?

2015 жылдың шілде айынан бастап мұғалімдердің жалақысы 29%-ға дейін артса, ауыл мектептерінде жұмыс істейтін ұстаздардың айлығы одан да жоғары болады. Осылайша мамандар ұстаздардың өз ісіне деген қызығушылығын арттыра отырып, білім сапасын жақсартамыз деп отыр. Неге десеңіз, жас мұғалімдерді айтпағанда, бүгінде тәжірибесі бар жоғарғы санатты мұғалімдердің алатын айлығы шайлығына жетпейтін көрінеді. Расында да солай ма? Дәптер тексеруден қолы босамай, оқушылары үшін шырылдап жүретін ұстаздардың жалақысы қанша? Бүгін біз осы мәселенің басын ашуға тырыстық.

44-007

Ұстаз – білім беру сапасын арттыру саясатын тікелей жүзеге асырушы тұлға. Әйтсе де, осынау қастерлі мамандық иесінің әлеуметтік жағдайы көңіл көншітпейді. Жасыратыны жоқ, «ұстаз жағдайы жақсарды, жалақысы көтерілді» дегенімізбен, еліміздің болашақ азаматтарын тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатып жүрген мұғалімдердің жалақысы аз. Мәселен, Шымкенттегі Д.Менделеев атындағы №15 мектеп-лицейдің тарих-география пәнінің мұғалімі Дана Төреқұлованың ұстаздық еткеніне 6 жыл болыпты. 1-ші категориялы ұстаздың айтуынша айлық жалақысы – 63 мың теңге. Оның ішінде пән мұғалімінің сағаттары үшін – 46 500, сынып жетекшілігі үшін – 4500, категория үшін – 5000 және мүмкіндігі шектеулі оқушылардың үйіне барып сабақ бергені үшін – 7000 теңге қосылады. Ал, Қ.Спатаев атындағы №7 мектеп-лицейде физика пәнінен сабақ беретін Ақмарал Алашованың бұл салаға келгеніне небары 1 жыл ғана болған. Айтуынша, сыныбы да, кабинеті де жоқ. Аптасына 18 сағат сабақ береді. Оған оқушылардың үйіне барып беретін сабақтарының 1,5 сағаты қосылады. Осылайша аптасына 19,5 сағат жұмыс істейтін жас маманның қолына ай сайын – 45 000 теңге тиетін көрінеді Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясында 30 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан, жоғарғы санатты мұғалім Шолпан Ізтілеуовамен сөйлескенімізде, айлық жалақысының – 86 700 теңге екенін білдік. Мұғалім бұл сома мектеп директорының орынбасары ретінде алатын – 66 700 теңге мен география пәнінің мұғалімі ретінде алатын 20 мың теңгеден құралғанын айтады.

44-008

 

– Қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, математика, физика, химия, биология пәндерінің мұғалімдеріне өздеріне белгіленген сағаттардан бөлек, дәптеріндегі жазба жұмыстарын тексергені үшін қосымша үстемақы қосылады. Өкінішке қарай менің пәнім бұл тізімде болмаған соң, қосымша ақша алмаймын. Десек те, дәптерлерді, сарамандық жұмыстар мен оқушылардың өзіндік жұмыстарын тексеріп көз майымды тауысуға тура келеді, – дейді ұстаз.

Дәптер тексеру дегеннен шығады, ұстаздар бір айда шамамен 1000-ға жуық дәптер тексереді екен. Ал ол үшін алатын үстемақымыз небары 4 мың теңге деп қынжылады. Осы орайда айлық жалақысы, үстіне қосылатын үстемақылары қандай тәртіппен есептеледі деген сауалға жауап алу үшін сала маманының көмегіне жүгінген едік.

Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:

– Біз педагогикалық білім беруге, педагогикалық жоғарғы оқу орнына мұқият қарауымыз қажет. Бүгінгі таңда бірнеше бастаманы іске қостық. Біліктілікті арттыру бойынша үлкен бағдарлама бар. Жалпы, бұл мәселеде педагогтарды даярлау негізгі рөлді атқарады, себебі білім сапасы мұғалімдердің білім деңгейіне тікелей байланысты. 

Жалақы қалай есептеледі?

Облыстық білім басқарма-сындағы стратегиялық жоспарлау және болжам бөлімінің бас маманы Хамида Қалжанова-ның (суретте) айтуынша, жалақы мұғалімдердің еңбек өтіліне, санатына (категория) және жүктелген сағатына қарай тағайындалады. Бұдан бөлек, ұстаздарға сынып жетекшілігі үшін, кабинет меңгерушілігі үшін, дәптер тексергені үшін де үстемақы төленеді екен.

Ал олар мынандай тәртіп-пен есептеледі:

Сынып жетекшілігі үшін:

– 1-4 сыныптардың жетекшілеріне базалық лауазымдық жалақыдан (бұдан әрі қарай – БЛЖ) 25 пайыз;

– 5-12 сыныптардың жетекшісіне БЛЖ-дан 30 пайыз;

Дәптер тексергені үшін:

1-4 сыныптардың мұғалімдеріне БЛЖ-дан 20 пайыз;

– орыс тіліндегі мектептердің қазақ тілі мұғалімдеріне БЛЖ-дан 25 пайыз, – барлық мектептердің барлық пәндерінен 5-12 сыныптардың дәптеріндегі жазба жұмыстарын тексергені үшін БЛЖ-дан 25 пайыз;

Біліктілігі үшін:

Жоғары санаттағы ұстазға – БЛЖ-ның 100%, яғни – 17697 теңге;

І санаттағы ұстазға – БЛЖ-ның 50 %, яғни – 8848 теңге;

ІІ санаттағы ұстазға – БЛЖ-ның 30 %, яғни – 5309 теңге үстемақы қосылады.

44-009

Айтпақшы…

Маманның айтуынша, ауыл мұғалімдерінің жалақысы қала ұстаздарына қарағанда 25 пайызға көбірек болады екен. Және оларға бас-қадай жеңілдіктер қарастырылмаған.

Осы ретте, мұғалімдер біле жүрсін деген оймен төменде жалақыны есептеу кестесін ұсынып отырмыз.

Ол үшін кестедегі еңбек өтілі деген бағанадан, әркім өзінің еңбек өтілін (тек педагогикалық) тауып алуы керек. Сосын соның астында көрсетілген коэффицентке БЛЖ (базалық лауазымдық жалақы) мөлшері көбейтіледі. Айта кетейін, БЛЖ – 17697 теңгеге тең. Шыққан сома 18 сағатқа арналған лауазымдық жалақының мөлшері болып табылады. Бұл сомаға ұстаздың үстемақылары да қосылып есептеледі. Мәселен: 18 сағаттық жүктемесі бар жас мұғалімнің айлық жалақысын есептеп шығару үшін 2,4 (коэффицентке) 17 697 (БЛЖ) көбейтуіміз керек. Яғни санаты жоқ, еңбек өтілі 1 жылға дейінгі мұғалімнің бір айлық жалақысы – 42472-ге тең болады. Ал, 10 жылдық еңбек өтілі бар, 1-ші санатты мұғалімнің айлығын есептеу үшін 2,68 коэффицентке 17 697 (БЛЖ) көбейтсек 47427 теңге шығады. 1-ші категориялы мұғалімдерге біліктілігі үшін БЛЖ 50% қосылатыны белгілі. Яғни, ол 8848 теңгеге тең. Сонымен, шыққан сандарды қосқанымызда 10 жылдық еңбек өтілі бар 1-ші санатты ұстаздың жалақысы – 56276 теңгеге жуықтайды. Бұл сомадан зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдарды шегеріп тастағанда, мұғалімнің қолына арзымайтын тиын-тебен тиетіні айтпаса да түсінікті.

Түйін: 

Елімізде басқа сала қызметкерлерінің, әсіресе сот, прокурор, ішкі істер органдары қызметкерлерінің жалақысы еселеп өсіп жатқанын жақсы білеміз. Алайда, ұстаздардың жалақысы сол баяғы 50-60 мыңнан сәл-ақ асады. Қазіргідей қымбатшылық алқымнан алып тұрған заманда бұл ақша ешкімнің де жұмырына жұқ болмасы анық. Бір сөзбен айтқанда ұстаздар қауымының жағдайы оңалмай, білім саласы жақсармайтынын естен шығармаған абзал.

Айжан Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №44, 29.10.2014