Кентауда 20 жастағы үш ұры ұсталды

296

Кентау қаласының тәртіп сақшылары мал ұрлаған үш жігітті қолға түсірді. Полицияның кезекші бөліміне ондаған тұрғын өздерінің қораларынан қойларының жоғалғаны жөнінде арызданған.

 

001

Ағымдағы жылдың қараша айының ортасында Кентау қалалық ішкі істер басқармасына 35 жастағы азаматша арызданып келген. Ол өз арызында түнгі сағат 04:00 шамасында белгісіз тұлғалар үйіне кіріп, қорадағы жалпы бағасы шамамен 70 мың теңгені құрайтын үш қойын ұрлап кеткенін айтқан.

Кентаулық ішкі істер саласының қызметкерлерінің арнайы жедел-іздестіру шарасы нәтижесінде бірнеше ұрлыққа қатысты деген күдікпен жергілікті үш азамат ұсталды. Үшеуі де 20 жаста. Екеуі бұған дейін ұрлық жасағандары үшін сотталған.

Тергеушілер тергеу кезінде үй иелерінің жоғын пайдаланған күдіктілердің қораларға кіріп, қойларды үптеп отырғанын анықтады. Оны сойып, етін қала нүктелеріне арзан бағамен сатып жіберіпті.

Бүгінде тәртіп сақшылары күдіктілердің 9 мал ұрлығына қатысы барын анықтады. Жәбірленушілерге келген жалпы шығынның көлемі шамамен жарты миллион теңгені құрап отыр. Айғақ зат ретінде ұрланған қойлардың терілері тәркіленді.

Аталған жайтқа байланысты ҚР ҚК-нің 175-бабы – «Ұрлық» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу амалдары жүргізілуде.