Кентауда жедел басқару орталығы ашылды

470

Кентау қалалық ішкі істер бөлімінде шағын жедел басқару орталығы ашылды. Құрамына Ащысай, Байылдыр, Хантағы, Қарнақ ауылдары кіретін қаланың халық саны 90 мың адамнан асады. Кентау – ең алдымен өндірісшілердің қаласы ретінде елге танымал. Атына заты сай жерасты байлығы мол, қазыналы өңір. Биыл республикадағы 27 моноқаланың қатарына қосылды.

Қала басшылығы бұдан әрі өндірістің тасын өрге домалатып, өркендеген өңірге айналуды мақсат етіп отыр. Әлбетте, осы орайда қаланың криминогендік жағдайы тұрақты болғаны маңызды. Осы мақсатта Кентауда шағын жедел басқару орталығы ашылды.

Кентау қалалық ішкі істер басқармасы
Кентау қалалық ішкі істер басқармасы

Жергілікті әкімшілік қылмыс санын азайту мен қоғамдық тәртіпті ретке келтіру мақсатында бюджеттен 15 миллион теңге бөліп, қаланың орталық көшелеріне, базар, мектеп, автобекет маңдарына 13 бейнебақылау камерасын орнатты. Заманауи талаптарға сай бұл камералардың 360 градусты қамтып, айналуға мүмкіндігі бар.

Заманауи бейнекамера
Заманауи бейнекамера

Тұрғындардың темекі тұқылын тастау, қағаз бен тамақ қалдықтарын төгіп, көшені ластауы, жаяу жүргіншілердің арнайы жерлерден өтпеуін және автокөліктердің жол ережелерін бұзуын енді аудандық ішкі істер басқармасының арнайы бөлмесіндегі экраннан бекітілген операторлар бақылап отырады.

Мұнда кезекшілер тәулік бойы отырады
Мұнда кезекшілер тәулік бойы отырады

Тәртіп сақшылары бұл камераға іліккен құқықбұзушы жазадан жалтарып кете алмайды дейді. Себебі бұл көріністер облыстық ішкі істер департаментіне, ішкі істер министрлігіне автоматты түрде мәлімет ретінде түсіп, тіркеледі.

Қала орталығында осындай құқықбұзушылықтардың бірі шағын жедел басқару орталығының бейнебақылау камерасы жазып алды. Тыйым салынған жерде төрт азамат темекі шегіп, оның біреуі темекі тұқылын жерге тастайды. Жедел басқару орталығының кезекші операторы сол мезетте жол-патрульдік полиция экипажына тәртіп бұзушылық жөнінде хабар береді. Оқиға орнына дереу жеткен тәртіп сақшылары қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтарға әкімшілік хаттамаларын толтырды.

Бейнекамералардағы жазба 12 үлкен экранға тікелей жіберіледі
Бейнекамералардағы жазба 12 үлкен экранға тікелей жіберіледі

Жалпы, 2013 жылдың 10 айында қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны 134 болса, 2014 жылдың 10 айында осындай 83 қылмыс тіркелген. Тиісінше көрсеткіш 38,1%-ға төмендеп отыр. 2013 жылдың 10 айында көшеде жасалған қылмыстар 92 болса, 2014 жылдың 10 айында 60-ты құраған.

004

Кентау қалалық ішкі істер басқармасының әкімшілік полиция бөлімі 2014 жылдың 10 айында 3327 әкімшілік құқықбұзушылықты тіркеген. Тиісінше кінәлі адамдарға 19 миллион теңгеден аса айыппұл салынып, соның 14 миллион теңгеге жуығы өндірілген.

Тәртіп сақшылары шағын жедел басқару орталығының көмегімен енді қылмысты ашу оңайға түседі деп сеніп отыр. Жалпы, облыс көлемінде осындай 10 шағын жедел басқару орталықтары бар. Бұған дейін жедел басқару орталықтары Созақ және Бәйдібек аудандарында ашылды.