Оңтүстікте Назарбаев зияткерлік мектебі мен мәдени мекемелер әріптестік орнатты

582

Шымкенттегі физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің жұмыс істей бастағанына үш жылдың жүзі болды. Елбасы бастамасымен ашылған мұндай дербес білім беру ұйымдары елдің интеллектуалдық әлеуетін нығайтуға бағытталған. Білім ұясы балаларға нақты және жаратылыстану пәндерін тереңдетіп оқытумен шектелмейді. Зияткерлік мектеп түлектерінің ақыл-ойымен қатар парасатты болуы да басты назарда.

Осы бағытта оқу ошағы шәкірттерінің бойына ұлттың мәдени-тарихи құндылықтарын да сіңіруде ауқымды шаралар жүйелі жүргізіледі. Соның бірі – 20-желтоқсан күні қол қойылып, мөр басылған меморандум. Шымкент қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Қаракөз Әбдрахманова облыстағы төрт бірдей мәдени мекемелермен әріптестік туралы меморандум жасасты. Олар – облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы» және «Оңтүстікфильм» мекемесі.

007

Қазақстандағы көне мұражайдың бірі саналатын мекеме атынан ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойған өлкетану мұражайының экскурсия және ақпараттандыру бөлімінің меңгерушісі Бибі Қошанова биыл ғана жаңа ғимаратқа қоныстанған мекеменің қоры құнды жәдігерлермен толығып отырғанын айтады.

«Мұражайда талай ғалымның еңбегіне арқау болған арехологиялық дүниелерден бөлек құнды қолжазбалар сақтаулы. Бүгінгі ынтымақтастық туралы бастама Назарбаев зияткерлік мектебінің шәкірттері үшін де алдағы үлкен ізденістерге жол ашып беретініне сенімдімін» дейді Бибі Қошанова.

003

Ал еліміз бойынша тұңғыш Шымкентте ашылған «Әдет-ғұрып және салт дәстүр орталығының» директоры Қайырғали Медет Назарбаев зияткерлік мектебімен жасалған меморандум орталықтың өзге мекемелермен әріптестік туралы алғашқы бәтуаластығы екенін ерекше атап өтті. Оқушыларға арнаған сөзінде жұмыстарын жастармен бастап отырғанына өздері де қуанатынын жеткізді.

«Қазақстанның болашағы, ел ғылымының болашағы – сіздер. «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр» орталығында қазақ халқының ұлттық болмысының діңгегі – дәстүріне қатысты көптеген мағлұматтар бар. Сонымен танысып өскен өспірім ертең өз елінің нағыз жанашыры болады» деп, осы бастамаға үлкен үмітпен қарайтынын да жасырмады.

001

Өңіріміздегі «Оңтүстікфильм» мекемесі мен физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің әріптестігі ертеректе, балаларға арналған «Томпақ» сериялының түсірілімі кезінен-ақ басталған. Бүгінде бұл сериал «Қазақстан» ұлттық арнасының ең үздік жобасына айналып отыр.

«Түптеп келгенде зияткерлік мектеп пен «Оңтүстікфильм» мекемесі бір бағытта жұмыс жасап келеді. Сіздер балалардың зияткерлік дарынын жетілдіруге жұмыс жасап жатсаңыздар, біз өскелең ұрпақты кино арқылы идеологиялық тұрғыдан тәрбиелейміз» деген мекеме басшысы Батырхан Дәуренбеков зияткерлік мектеп оқушыларына «Оңтүстікфильм» жанындағы көрермен залында арнайы тарихи, деректі фильмдерден көрсетілім ұйымдастырылатынын жеткізді.

004

Ал білім алып, ізденіс жолындағы еңбекте тынығу да болуы тиіс. Осы тұрғыда ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған «Оңтүстікцирк» мекемесінің басшысы Арман Әлиев қазірдің өзінде үздік оқушылар циркке тегін кіре алатынын айтты. Ал алдағы уақытта физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушыларына циркте болатын әр қойылымға он билет тегін үлестірілетін болды. Ол үшін шәкірттер алдымен талапты, оқуда озат екенін дәлелдеуі тиіс.

009

Жиын соңында сөз алған Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Қаракөз Әбдрахманова зияткерлік мектептерде білім алатын балалар үшін мемлекет өзге білім нысандарында жоқ жағдайды жасап отырғанына ерекше тоқталды.

«Мектебіміздің миссиясы – Қазақстанның зияткерлік әлеуетін арттыру. Ал тәрбие жоқ жерде берілген білім бос. Сондықтан шәкірттердің білімі мен рухани дүниесін қатар дамыту – зияткерлік мектеп алдындағы басты міндет. Бүгінгі меморандумға қол қоюдағы көзделген мақсат та осы» деп түйіндеді сөзін директор.

002