Қаратау полиция бөлімінің басшысы тағайындалды

1313

Шымкент қалалық ішкі істер басқармасынла жаңа, төртінші полиция бөлімі ашылды. 2014 жылдың 31-желтоқсан күні сағат 11.00-де Шымкент қаласының Қаратау әкімшілік ауданына қарасты полиция бөлімі ғимаратының ашылу салтанаты өткені белгілі.

Салтанатты шараға Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Асқар Оспанов, қоғам қайраткерлері және БАҚ өкілдері, сондай-ақ, департаменттің басқарма және бөлім басшылары қатысты. Генерал Асқар Оспанов аудандық полиция бөлімінің жеке құрамындағы полиция қызметкерлерін жаңа қоныстарымен құттықтап, адал және риясыз қызмет атқарып жүргендері үшін қызметкерлерге алғысын білдірді.

Содан кейін қала әкімі, ОҚО ІІД бастығы және іс-шараның басқа да қонақтары жиһазбен, заманауи техникамен, ҚР ІІМ-нің барлық мәліметтер қорына қосылған байланыс құралдары және компьютерлермен жабдықталған Қаратау полиция бөлімінің жаңа ғимаратын аралап, кезекші бөлімнің жұмысымен танысты.

Айта кетер жайт, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі тарапынан Шымкент қаласы, Төлеметов көшесі, 99-үйде орналасқан ғимаратты жалға алу және 2015 жылы ғимаратты ұстау үшін 28 миллион теңге бөлінді. Жаңа полиция бөлімі бағынысына Шымкент қалалық Еңбекші полиция бөлімінен – 14, Әл Фараби полиция бөлімінен – 4 және Абай полиция бөлімінен – 5 учаскелік пункт берілді. Полицейлерге облыстық ішкі істер департаментінің ішкі резервінен – 21 автокөлік, ҚР ІІМ резервінен 10 автокөлік бөлінді.

0422

Шымкент қаласының Абай, Әл Фараби, Еңбекші аудандары және облыстың Сайрам мен Ордабасы аудандарымен шекаралас Қаратау ауданының аумақтық шекарасы Шымкент қалалық мәслихатының қаулысына сәйкес белгіленген. Ауданның шекарасы Қайнар бұлақ ауылының аумағынан бастап, Достық және Теріскей шағынаудандары арқылы Алматы тасжолына шығады. Бұдан әрі аумақ Төлеметов көшесі – Дендробақ – Бәйдібек би даңғылы – Арғынбеков көшелері бойымен Жібек жолы көшесіне дейін қамтиды.

Қаратау ауданының аумағы 32 256 гектарды құрап отыр, халқының саны – 208 449 адам. Ауданның әкімшілік-аумақтық құрылымында 34 елдімекен бар. Аумақта 32 жалпы білім беретін мектеп, 33 балабақша, 3 колледж, 23 медициналық мекеме, 4 кітапхана, 6 спорт кешені, 34 діни бірлестік, 5 базар, 5 ірі сауда және 45 өнеркәсіп орталығы жұмыс істейді.

Қаратау полиция бөлімі 2015 жылдың 1-қаңтарынан бастап іске қосылады. Оның басшысы болып полиция полковнигі Қалаубаев Асылхан Сәулеханұлы тағайындалды.