Энергия үнемдегіш шамдар өзімізде залалсыздандырылады

833
фото: //eco-boom.com

Шымкент қаласында электр үнемдегіш шамдар залалсыздандырылады. Бұған қажетті құрал-жабдықтар дайын тұр. Бұл туралы Қазақпарат жазады. Шамдарбан бөлек бұл цехта ескірген кеңсе техникаларын, автокөлік шиналары мен май секілді 20-ға жуық заттың көзін жоюға болады.

фото: //eco-boom.com
фото: //eco-boom.com

Самат Мұқышев, «Azia Group» ЖШС ОҚОФ директоры: «Құрылғылардың ішінен біз майдалағыш пен пресс-автоматты орнатып үлгердік. Жақын күндері құрамында сынабы бар шамдарды жоятын құралдар жеткізіледі. Осының барлығына 180 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсадық. Қазір цехта 6 қызметкер жұмыс істейді. Ал өндіріс толығымен іске кіріскен кезде жұмысшы саны 20 адамға жетеді деп отырмыз.»

Мұндай бастама Шымкентте алғаш рет қолға алынып отыр. Бұған дейін қалада сынабы бар шамдардың жоятын өндіріс болмаған.

Досбол Көшербаев, «Шымкент инновация» компаниясының директоры: «Біз Шымкенттің адамдар көп жүретін аудандарында электр үнемдегіш шамдарды тастайтын 4 контейнер орнатуды жоспарлап отырмыз. Халықты осындай шамдарды кез келген жерге емес, арнайы жәшікке тастауды үйрету керек. Қазіргі таңда облыстық әкімдік тарапынан қаржыландыру жолын талқылап жатырмыз.»

Айтқандай, бұл қызметтің ақысы аса қымбат емес. Мысалы, тұрғындар ескі үлгідегі бір шамның көзін жоюға 70 теңге төлесе, электр үнемдегіш шамға – 120 теңге, ал кеңсе техникасының 1 келісі үшін 20 теңге қажет. Мамандар қалдықтардың бір бөлігін өңдеп, қайта пайдаға асыруға болады деп отыр. Олардан пластмасса киім ілгіш шығару ойда бар.