Миллиондаған теңгенің малын ұрлаған қылмыстық топ ұсталды

259

Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында мал ұрлығымен айналысқан топ анықталды. Бұл туралы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

2015 жылдың қаңтар айының басында Отырар аудандық ішкі істер басқармасына бірнеше тұрғын шағымданып, малдары ұрланғанын жөнінде арызданған.

Сондай арызданушылардың бірі, 53 жастағы азаматтың айтуынша, ауылдың шетіндегі жайылымнан жеті бас қара малын 3-қаңтар күні белгісіз біреулер ұрлап кетіпті. Шығынның жалпы көлемі 600 мың теңгеден астам.

001

Отырар аудандық тәртіп сақшылары жүргізген жедел-іздестіру іс-шарасының нәтижесінде 40, 39, 32 және 27 жастағы жергілікті 4 тұрғын тұтқындалды. Олардың барлығы да жұмыссыз.

Тергеу барысында анықталғандай, күдіктілер ауылдың шетіндегі жайылымға барып, иесіз қалған малды ұрлап, біреуінің үйінің ауласына жасырып жүрген. Содан кейін ұрланған малдың бір бөлігін жергілікті базарға апарып сатып, ал екінші бір бөлігін өз қажеттіліктеріне жаратып келген.

Полиция қызметкерлері күдіктілердің аталмыш ауданда орын алған тағы 5 мал ұрлығына қатысты бар екендерін анықтады.

Жәбірленушілерге келген жалпы шығын көлемі шамамен 3 миллион теңгені құрап отыр. Ұрланған 20 бас ірі қара малды полицейлер заңды иелеріне қайтарды.

Аталған жайт бойынша ҚР ҚК 188-бабы – «Ұрлық» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер қамауда. Тергеу амалдары жүргізілуде.