Оңтүстік халқы енді төлқұжатты мерзімінен ерте алады

311

Оңтүстікқазақстандықтар жеке куәліктерін қысқа мерзімде алатын болды. Бүгін Шымкентте Ақпарат өндірістік орталығы ашылды. Ішкі істер министрлігіне тиесілі кәсіпорын ОҚО, Жамбыл және Қызылорда облыстарының тұрғындарына қызмет етеді.

Ақпараттық-өндірістік орталықтың негізгі міндеті – құжаттарды дайындау мерзімін барынша қысқарту. Бұрын жеке басын куәландыратын құжатты 45 күн күткен Оңтүстік өңірінің тұрғындары, енді оны 15-20 күнде алатын болады. Елімізде Алматы мен Астанадан кейін үшінші болып ашылған орталықтың ашылу салтанатына жиналғандар көп болды.

Рашид Жакупов, ҚР ІІМ орынбасары, полиция генерал-майоры: «Осы орталықты ашу үшін ішкі істер министрлігі арқылы республикалық бюджеттен 756 млн. теңгеден аса қаржы бөлінген. Осы қаржыға жоғары технологиялық құрылғылар алдық. Ол, біздің ойымызша, халыққа сапалы қызмет жасауға мүмкіндік береді».

Орталықта күніне 800 паспорт пен 1500 жеке куәлік жасап шығаруға болады. Оңтүстіктен бөлек мұнда Қызылорда, Жамбыл облыстары азаматтарының құжаттары да дайындалады. Білікті мамандар қызмет етеді. Одан бөлек бірінші санаттағы электрмен қамтудың екі тәуелсіз көзіне қосылған, бейнебақылау мен қауіпсіздік жүйелері, сервер бөлмесі де құрылған.

Айта өтейік, 2014 жылы облыс көлемінде 235 мыңға жуық азаматқа жеке куәлік және төлқұжат рәсімделген. Оның 83 мыңы паспорт болса, 185 мыңы – куәлік.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=3Mvmb7dOT8A[/youtube]

Айта кетейік, жаңа облыстық ақпараттық-өндірістік орталық Жүсіпбек Аймауытов көшесі, № №15 үйде орналасқан.