Оңтүстікте былтыр 405 мың шаршы метр үй пайдалануға берілді

320

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ермек Қыдыров өзі жетекшілік жасайтын мекеменің өткен жылы атқарған жұмыстары бойынша есеп берді. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен мәжіліске аумақтық органдардың басшылары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары мен облыс әкімі аппаратының қызметкерлері және тағы басқа мамандар қатысты.

000

Е.Қыдыровтың айтуы бойынша 2014 жылы өңірімізде 306 нысанның құрылысы басталған. Оның ішінде 115 білім беру, 68 денсаулық сақтау, 14 мәдениет, 13 спорт нысаны мен 45 көпқабатты тұрғын үй бар. Осы нысандардың 155-і былтыр ел иілігіне пайданалуға берілсе, 148 нысан биыл аяқталмақ.

Есепті кезеңде 405 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, осы салаға тартылған инвестиция көлемі 187 млрд. 614 млн. теңгені құраған. 314 шақырым инфрақұрылым жүйелерінің құрылысына 1 млрд. 780 млн. теңге инвестиция тартылып, жоспарланған жұмыстар аяқталған.

«Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы аясында 69 үйдің құрылысы басталып, оның 23-і тапсырылған. Оның ішінде 47 тұрғын үйдің құрылысы облыстық бюджет есебінен жүргізіліп, 16 тұрғын үй есепті кезең ішінде пайдалануға берілген.

Сондай-ақ басқарма тарапынан 2014 жылы 52 нысанның жоба-сметалық құжаты әзірленіп, жыл аяғына дейін оның 40-ы дайындалып, тапсырылған. Басқарма тарапынан есепті кезеңде мердігер мекемелерге қатысты 32 іс сотқа жолданып, оның 16-сы қанағаттандырылған, 10 іске байланысты сотқа қайта шағым берілген. Жеке және заңды тұлғалардың талап-арызы бойынша сотқа 9 іс жолданып, оның 2-уі қанағаттандырылған.

Бұдан өзге облыстық құрылыс басқармасы тапсырыс беруші болып табылатын әлеуметтік нысандардың құрылысы барысында белгіленген талаптарды сақтамағаны үшін 20 мердігерге, 8 техникалық қадағалаушы ұйымға және 17 жобалаушы мекемеге қатысты 16 млн. теңгеден астам айыппұл салынып, оның 15 млн. теңгеге жуығы өндірілген.

Басқарма басшысының міндетін атқарушы Е.Қыдыровтың есебін тыңдаған облыс әкімі А.Мырзахметов қаралған бюджет қаражатын мерзімінде игеруді жолға қоюды, әрбір аудан, қала әкімдіктері тарапынан жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарында бюджет қаражатының игерілуін талдауды, жоба-сметалық құжаттарды әзірлеу барысында регламент талаптарының бұлжытпай орындалуын қадағалауды тапсырып, мемлекеттік сатып алу конкурсы талаптарына жұмысты мерзімінде орындай алмағандарға көрілетін шараларды айқындауды міндеттеді.

Дереккөз: ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі