Облыстың бас сәулетшісі есеп берді

252

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен мәжілісте облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бақытжан Әшірбаев 2014 жылы атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Басқарма басшысының мәліметіне сәйкес, бүгінгі таңда облысымызда 843 елдімекен бар. Оның ішінде тұрғындар саны бес мыңнан асатын 54 елдімекеннің бас жоспарлары әзірленген.

001

Сонымен қатар Сарыағаш қаласының бас жоспары нақтыланып, бекітілген. Арыс қаласы мен Шаян елдімекенінің бас жоспарларын нақтылауға қаржы қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Ал тұрғындар саны бес мың адамға дейінгі елдімекендерді дамыту мен құрылыс салу сызбаларын әзірлеу мақсатында кесте бекітілген.

2011-2013 жылдар аралығында 144 елдімекеннің, ал 2014 жылы 116 ауылдың сызбасы әзірленіпті. Басқармаға жүктелген тағы бір маңызды міндеттердің бірі – заңсыз құрылыс нысандарын реттеу болатын. Осы мақсатта түзілген ведомствоаралық іс-шара жоспарына сәйкес белгіленген нормалар мен талаптарға сай келмейтін нысандарды анықтау мақсатындағы мониторинг жүйесі қалыптасқан.

Есепті кезеңде аудан, қалалар бойынша құрылыс жүргізуге рұқсат беретін 2199 сәулет-жоспарлау тапсырмасы әзірленген. Жылжымайтын мүлік нысандарының мекенжай тіркелімдері қағидаттарын қалыптастыру мақсатында «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесіне 2014 жылы 15501 дерек енізілді. Осы ақпараттық жүйеге деректерді енгізуде облысымыз елімізде үздік өңірлердің бірі болып танылды.

Шымкент қаласындағы жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы құрылысының бірінші кезеңі бойынша 364 гектар жерді егжей-тегжей жоспарлау жобасы әзірленіп, бекітілген. Жобамен көпқабатты тұрғын үй құрылысына 106,1 гектар, рекреациялық аймаққа 108,6 гектар, көгалдандыруға 32,6 гектар, жаяу жүргіншілер бөлігіне 47,4 гектар жер қарастырылған.

Былтыр Бозарық айналма жолындағы сәулеттік композицияның, «Түркістан» салтанат сарайының, жаңа әкімшілік-іскерлік орталығындағы алаң мен гүлзардың, әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының, тарихи-өлкетану мұражайының, облыстық драма театрының құрылыстары аяқталып, пайдалануға берілді.

Басқарма мамандары осы нысандардың сыртқы хасбеттерінің эскиздік жобасын әзірлеген. Одан бөлек аудан, қала орталықтарын абаттандыру жобаларының эскиздері дайындалған.

Басқарма басшысының есебін тыңдаған облыс әкімі Асқар Мырзахметов атқарылған жұмыстардың ауқымды екеніне тоқталып, тұрғын саны бес мың адамға дейінгі елдімекендердің сызбасын әзірлеуді таяу кезеңде аяқтауды, заңсыз құрылыстар мен «қызыл сызық» нормаларын өрескел бұза салынған нысандардың әрбір фактісі бойынша терең талдап, пәрменді шаралар қабылдауды, құрылысқа рұқсат беретін сәулеттік-жоспарлау тапсырмасын әзірлеу жүйесінің барынша ашық болуын қамтамасыз етуді, аудан, қалалардағы жылжымайтын мүліктің түгелдей дерлігін орталықтандырылған дерекқорға ендіру тетігін қалыптастыруды, Шымкенттің еліміздегі үшін қала мәртебесіне лайық болуы үшін оның сәулеттік келбетінің сол талаптардың үдесінен шығуын ұйымдастыруды жүктеді.

Дереккөз: ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі