Ардагерлердің қолғанаты болған «Дабыл түймесі»

395

Бүгін еліміз бойынша «Жеңіс» акциясы басталды. Осының аясында оңтүстікқазақстандық ҰОС-ның ардагерлеріне «Дабыл түймесі» тапсырылды. Өңірдегі 474 ардагерді дабыл нүктесі бар ұялы телефонмен қамту шарасы облыстық ардагерлер үйінде бастауын алды.

003

Құралдар осында арнайы шақырылған Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне салтанатты түрде табысталды. «Өмір жолы» қоғамдық қорының директоры Ернар Нұрбековтың айтуынша, дабыл түймесі арқылы ардагерге шұғыл әрі дер кезінде кез келген көмек көрсетуге болады. Былтырдан бері Астана және Алматы қалаларының қарт майдангерлері қолданып, тиімділігін байқап үлгерген.

Жобаны жүзеге асыру үшін қажетті қаржыны Кәсіпкерлердің ұлттық палатасының қолдауымен »Даму» қоры бөлді. Жобаның жалпы сомасы – 600 миллион теңге.

Құрылғы ардагерлердің еш қиындықсыз жедел қызметтерді шақыруы үшін жасалған. Бір түймені басып, «Өмір желісі » қызметінің тәулік бойы жұмыс істейтін орталығына хабарласуға болады. Жеңіс мерекесі қарсаңында қолдарына дабыл түймесі бар ұялы телефонға ие болған қарт майдангерлердің қуанышында шек болмады.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=VmHJq0QqJrQ[/youtube]

Айтжан Бекназаров, ҰОС-ның ардагері: «Мынау деген жақсы нәрсе. Қандай қызмет керек болса да дабыл түймесін бассаң болғаны. Біздің денсаулығымызды қадағалап отырады. Үкіметке рахмет, бізге одан артық не керек?!»

Ұялы телефондағы дабыл түймесін бассаңыз болғаны, операторлар бірден қоңырау шалған абонент туралы мәліметті және оның дерті туралы сипаттаманы алады. Бұл мәліметтер жедел жәрдем қызметіне жіберіліп, операторлар қоңырау шалған адамның туыстарына хабар береді. Құрылғының ерекшелігі де сол – телефоннан нөмір термей, SOS кнопкасын бір рет басу жеткілікті. Айта кетейік, құрылғыда дыбыс зорайтқыш та бар. Оны құлағы нашар еститіндердің өзі пайдалана алады және құрылғы тегін таратылады.

Ернар Нұрбеков, «Өмір жолы» қоғамдық қорының орындаушы директоры: «Бұл құрылғылардың барлығы бүгіннен бастап белсендіріледі. Құрал ардагерлерге тегін беріледі. Біздің әріптесіміз – «Билайн» тегін тариф беріп отыр. Олар өзара тегін сөйлесе алады. Егер баланс минусқа кіріп кетсе, қызыл нүкте арқылы бізге хабарласа алады. Жоба 2014 жылдың мамыр айынан бері іске аса бастады, сол уақыттан бері 376 аппарат таратылды және call орталықтың мамандары 500 қоңырау бойынша қызмет көрсетіп, 80 рет жедел көмек шақыртты және үш ардагердің өмірі сақтап қалған».

Бүгінен бастап күнгейлік қарт майдангерлер үшін тегін таратылып жатқан дабыл түймесі 30 сәуірге дейін барлық ҰОС ардагерлерінің қолына тиеді. Айта өтейік, елімізде 5087 ҰОС-ның ардегері болса, оның 472-сі біздің өңірде өмір сүреді.