Арыс қаласының әкімі есеп берді

691

Арыс қаласында өткен жылы 6 млрд. теңгеден астам қаржының өнеркәсіп өнімі өндіріліп, негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 8,5 млрд. теңгеге жуықтаған. Бұл туралы қала басшысы Сейіт Ертай облыс әкімдігінде өткен есепті мәжілісте баяндады.

002

Қала басшысының айтуынша, шағын және орта бизнес өкілдері өндірген өнімнің жалпы құны 19 млрд. теңгені құраған. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 3 жобаға қолдау көрсетілген. Ауыл шаруашылығы құрылымдары 8,9 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, нақты көлем индексі 109 % құраған. 15,5 мың гектар алқапқа егіс егіліп, 8,3 мың гектар суармалы жер игерілген.

Арыс және оның құрамына кіретін ауылдық округтерде 7495 тонна ет, 16326 тонна сүт, 7 млн. данадан астам жұмыртқа өндірілген. Жылыжай көлемі 6,3 гектарға жеткізілген. Өткен жылы қала аумағында 4 гектар жылыжай салынып, онда 96 тонна қызанақ, 36 тонна қияр өсіріліпті.

Жаңа 32 ауыл шаруашылығы техникасы алынған. «Сыбаға» бағдарламасы белгіленген меже артығымен орындалған. Өңірлік мал шаруашылығын дамытуға бағытталған бағдарлама аясында «Максимум АИО» ЖШС-нан несие алынып, мал өнімдерін қабылдап өткізетін селолық тұтыну кооперативі құрылған. 113 мал бордақылау алаңы ашылған.

Арнайы типтік үлгідегі мал сою пунктінің құрылысы аяқталып, ет өнімдерін консервілейтін цех құрылысы аяқталды. Елдімекендерде сүт қабылдайтын 4 тірек іске қосылған. Өткен жылы «Агрофирма Жаңа Ақдала» ЖШС қайта жұмысын жандандырып, тамшылатып суару әдісімен 170 гектар жерге қызанақ, 170 гектарға жүгері егілді.

2014 жылы қала аумағында 78 нысанның құрылыс және жөндеу жұмыстары басталып, 35 көше орташа жөндеуден өткен. Мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа орналасып, 530 азамат ақылы қоғамдық жұмыстар атқарған. 1037 адаммен «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында әлеуметтік келісім-шарт түзілген.

Қала әкімінің есебінен кейін облыс басшысы Асқар Мырзахметов облыс әкімдігі тарапынан берілген тапсырмалардың орындалуын тыңдап, атқарылған тірліктерді талдады. Құрылыс саласындағы көрсеткіштер 57,5% орындалғаны үшін жауапты қала әкімінің орынбасары мен бөлім басшысына шара көруді тапсырды. Әлеуметтік нысандар құрылысының өндірістік кестеден қалмауын қала әкімдігімен қоса ауылдық округтердің әкімдерінің де қадағалауын міндеттеп, заңсыз салынған нысандар бойынша пәрменді жұмыс жасауды, құбыр суын пайдаланатын елдімекендерде тариф белгілеуді міндеттеді.

Тиісті сала басшыларына ретсіз сауда орындары мен заңсыз тасымал қызметін тоқтату үшін нақты шаралар белгілеу жүктеліп, жекеменшік каналдарды механикалық тазалау бойынша тиісті жұмыстарды ұйымдастыру тапсырылды.

Дереккөз: ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі