Оңтүстікте ҰОС-ның ардагерлеріне 1 миллион теңге бөліне бастады

ҰОС-ның ардагерлері

Бүгін белгілі болғанындай, ОҚО-ның батыр аға-апаларының есеп-шоттарына Ұлы жеңістің 70 жылдығы қарсаңында мемлекеттен берілетін өтемақы бөліне бастады. Облыстық, аудандық, қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар басқармасы және бөлімдері зейнетақыны төлеу орталықтарымен бірлесіп, мемлекеттік өтемақы берілетін ҰОС ардагерлері мен мүгедектері және осы азаматтарға теңестірілгендер, тыл ардагерлерінің тізімін нақтылады.

ҰОС-ның ардагерлері
ҰОС-ның ардагерлері

Әрбірінің санатына қарай қанша қаржы бөлінетіні бекітілді. Бүгінгі күнге берілген мәлімет бойынша, Облыста ҰОС ардагерлері мен мүгедектерінің саны 447-ні құрап отыр. ҰОС-на қатысушылар мен мүгедектеріне теңестірілгендер 931. Осы күнге есепке алынған тыл еңбеккерлері 20744. Бұл азаматтардың барлығы наурыздан өздеріне мемлекеттен бөлінген өтемақыны ала бастайды.

Әсия Темірбаева, ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы: «ҰОС-ның ардагерлері мен мүгедектеріне бір миллион теңгеден беріледі. Бұл барлық бюджет есебінен қосқан жағдайда. Айтайық, 100 мың теңге республикалық бюджет есебінен келетін болса, 900 мың теңге жергілікті және аудандық бюджеттен бөлінеді».

Басқарма басшысының нақтылағанындай, науқастанып жатқан немесе зейнетақысын кепілхатпен алатын қарттарға өтемақы сол жүйемен беріле береді. Ал осы күндерге дейін, тіпті, ақпан айында өмірден өткен ардагерлерге мемлекеттік көмек берілмейді. Өйткені, ол заңсыз саналады. Тағы бір айта кететін тұс, республикалық, облыстық, жергілікті бюджеттен қомақты қаржы – 1 млн. теңге тек ОҚО-ның ардагерлері мен мүгедектеріне ғана беріледі. Басқа өңірлерде өтемақы көлемі әлдеқайда төмен.