Сайрам ауданының әкімі есеп берді

395

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен есепті мәжілісте Сайрам ауданының әкімі Уәлихан Қайназаров өзі басшылық жасайтын ауданда өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары мен аппарат қызметкерлері, басқарма басшылары және аудан әкімдігіне қарасты бөлімдердің меңгерушілері, ауылдық округтердің әкімдері қатысты.

003

Уәлихан Анарбайұлының айтуынша өткен жылы Сайрам ауданында жалпы өңірлік өнім көлемі 118,1 млрд. теңгені, жан басына шаққандағы өнім көлемі 576,6 мың теңгені құраған. Өнеркәсіп өнім көлемі 14,3 пайызға, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің өндірген өнім көлемі 2,5 пайызға өсіп, 46,7 млрд. теңге инвестиция тартылған.

Өнеркәсіп саласында 23,5 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. ҮИИД бағдарламасы аясында 3 жоба іске қосылған. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 21 жоба қаржыландырылған. Белсенді кәсіпкерлік субъектілер 39,1 млрд. теңгенің өнімін өндіріпті.

Бұл салада 20,6 мың адам жұмыспен қамтылып, олардан түскен салық түсімдері 1631,3 млн. теңгені құраған. Ауыл шаруашылығының жалпы өнiм көлемi 35,7 млрд. теңге болып, игерілген суармалы жер көлемі 20800 гектарды құраса, 400 гектар аумақтағы егістікке нольдік технологияны енгізу межесі толық орындалған.

15,1 гектар жерге жылыжай салынған. Ірі қара малды бордақылайтын 350 арнайы алаң ашылып, жоспар 2,3 есе артығымен іске асқан. Суармалы жерлерді тиімді пайдалану бағытында ұзындығы 15,5 шақырым болатын екі канал механикалық әдіспен тазаланып, Қарабұлақтағы 15 шақырымдық канал бетондалған.

Соның нәтижесінде суармалы жер көлемі 1100 гектарға ұлғайды. Өткен жылы ауданда 27 нысанның құрылысы басталып, оның 21-і ел игілігіне тапсырылған. Ауыз су саласында 4 нысанда құрылыс жүргізіліп, оның үшеуі пайдалануға берілген. Республикалық және облыстық бюджет есебінен газ құбырын тарту жұмыстары басталып, №20 «Жаңақоғам» АГТС және Қарабұлақ ауылы арқылы Көмешбұлақ елдімекеніне дейінгі жеткізуші газ құбыры салынуда.

«Балапан» бағдарламасы аясында бүлдіршіндерді балабақшамен қамту межеленген 76,3 пайызға жеткен. Яғни, соңғы бес жылда қамту көрсеткіші 18%-дан 76,3%-ға көтерілді.

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша 1886 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, әлеуметтік жұмыс орындарына 312 адам жолданып, жастар практикасынан 257 түлек өткен. Нәтижесінде, жұмыссыздық деңгейі 4,7%-дан 4,6%-ға төмендеген.

У.Қайназаровтың баяндамасынан кейін ауданның даму әлеуетін талдаған облыс әкімі құрылыс саласы бойынша негізгі көрсеткіштерді болжамдауда және елдімекен сызбаларын әзірлеу кезінде негізгі міндеттеріне үстірт қараған тұлғаларға шара көруді жүктеп, заңсыз салынған құрылыс нысандарын жою бойынша атқарылған жұмыстарды сараптауды тапсырды.

Сондай-ақ, аудан әкіміне сәулет жөніндегі кеңестің жұмысын жүйелеу міндеттелді. Ауылдық округтерде атқарылған жұмыстарды саралап, төменгі сатыда тұрған ауыл әкімдерінің жауапкершілігін қарау тапсырылды.

Дереккөз: ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі