Шардара ауданының әкімі есеп берді

428

Облыс әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Шардара ауданының әкімі Қамытбек Айтөреев өткен жылы атқарылған жұмыстар және облыс әкімдігі тарапынан берілген тапсырмалардың орындалуы туралы есеп берді. Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасарлары, облыс әкімі аппаратының бөлім меңгерушілері мен басқарма басшылары өз салалары бойынша ауданда атқарылған жұмыстарға бағасын берді.

001

Қ.Айтөреев атап өткендей, былтыр аудандағы өнеркәсіп саласында 2 ірі, 3 орта, 2 қосалқы кәсіпорын жұмыс жасап, 6671,2 млн. теңгенің өнімін өндірген. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 11 жоба өңірлік үйлестіру кеңесінің қарауына ұсынылып, соның жетеуі мақұлданған.

Кәсіпкерлік саласы бойынша 8384 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, 20 369,3 млн. теңгенің өнімі өндірілген. Осы салада 19162 адам жұмыспен қамтылған. Шардара қаласынан 36 гектар жер бөлініп, индустриалды аймақтың құрылысы қолға алынып отыр.

Аймаққа инфрақұрылым жүргізуде 341 млн. теңге жұмсалды. Қазір мұнда 5 жоба іске асырылуда. Ауыл шаруашылығы саласында 15149,4 млн. теңгенің өнімі өндірілді. Есепті кезеңде жалпы 58 613 гектар суармалы жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде дәнді және бұршақты дақылдар – 6 275 гектарға, майлы дақылдар – 27 гектарға, мақта – 21 825 гектарға, бір жылдық және көп жылдық мал азығы дақылдары – 20 433 гектарға және картоп, көкөніс, бақша дақылдары 10 053 гектарға егілген.

Былтыр 7 ағын су нысаны механикалық жолмен тазаланса, 1 нысан күрделі жөнделіп, толық аяқталды. Нәтижесінде іргелес жатқан 780 гектар жер қайта айналымға қосылған. Даму бағдарламасына сәйкес ауыл шаруашылығы дақылдары межеленген 58613 гектарға егіліп, 4001 гектар жер қайта айналымға енгізілді. Тамшылатып суғару әдісі 961 гектарға енгізіліп, 6 гектарға қосымша жылыжай салынған.

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша 800 бас ірі қара мал алу тапсырмасы 2783 бас немесе 347,9 пайызға, ірі қара малды қолдан ұрықтандыру жоспар толық орындалды. Ауданда сыйымдылығы 1140 басқа арналған 11 мал бордақылау алаңы ұйымдастырылған. Бұл алаңдарда қазіргі таңда 966 бас мал бордақыланып, нарыққа шығарылды. Шаруалардың өз қаржысы есебінен тағы да 240 басқа арналған 2 бордақылау алаңы іске қосылды.

Құрылыс саласында жалпы құны 982,6 млн. теңгені құрайтын 9 нысан салынды. «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында Ақшеңгелді ауылдық округіндегі Егізқұм елдімекенін ауыз сумен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 202 млн. теңге бөлініп, 3 нысан пайдалануға берілді. Көксу елдімекенін газдандыру бойынша облыстық бюджеттен 2 нысан салынды. Сонымен бірге Шардара қаласында 9 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтіп, тапсырылған.

Қ.Айтөреевтің есепті баяндамасын талдаған облыс әкімі Асқар Мырзахметов жыл қорытындысымен ауданда құрылыс саласындағы жоспарлы көрсеткіштер өз деңгейінде орындалмағанын атап өтіп, жауапты азаматтарға шара көруді міндеттеді. Коммуналды су шаруашылығы мекемесіне құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге құқық беретін лицензия алу мәселесін реттеуді, құбыр арқылы су берілетін елдімекен тұрғындарына су тарифінің белгілеген құнын жан-жақты түсіндіруді, Шардарадағы 72 көпқабатты тұрғын үйдің кондоминиум нысаны ретінде тіркелуін және шағын әуежайашу жұмыстарына қажетті құжаттарды рәсімдеуді ширатуды, индустрияландыру бағытындағы жұмыстарды өз деңгейінде атқармаған лауазым иелерінің жауапкершілігін қарауды тапсырып, жұмысын дұрыс ұйымдастыра алмаған ауыл әкімдерін жұмыстан босатуды жүктеді.

Дереккөз: ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі