Шымкентте алғаш рет кітапханашылардың кеңесі өтті

Кітапханашылар семинары кезінде

Шымкентте алғаш рет кітапханашылардың кеңесі өтті. Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасы ұжымының ұйымдастыруымен өткен семинарға 50-ге жуық кітапханашы қатысты.

Қатысушылар алдымен облыстық кітапхананың кітап қорымен, жұмыс жүйесімен, жаңашыл қызметтерімен, тәжірибелерімен танысты. Сөз алған мамандар мектеп пен облыстық, қалалық балалар кітапханалары арасында тығыз байланыс болу керегін баса айтты. Сонда ғана оқушылардың сұранысына сай, қажетті кітаптарын тауып беруге мүмкіндік туады. Әрі бұл байланыс қала мектептеріндегі кітапханашылардың жұмысын жеңілдетуге сеп болмақ.

Кітапханашылар семинары кезінде

 

Сондай-ақ кітапханашылар өздерін толғандырған мәселелер мен проблемаларды да ортаға салды. Ол – мектеп кітапханаларындағы көркем әдеби кітаптардың аздығы мен кей білім ошақтарындағы электронды кітап жүйесінің дұрыс жұмыс жасамауы, жалақының аздығы. Оған қоса кадр тапшылығы да бар.

Кітапханашылар балаларға қызмет көрсетудің жаңаша әдістерімен танысты

Ы. Алтырсарин атындағы облыстық балалар кітапханасынының директоры Райхан Қарсыбаеваның айтуынша, соңғы кезде кітапхана саласында жұмыс істегісі келіп, оқуға түсетіндердің саны аз. Арнайы кітапханашы боламын, өзімді рухани дамытып, бойымдағы білімімді балаларға беремін дейтіндердің соңы оқуды 1992 жылдары бітірген. Олардың жасы бүгінде 40-тан асып кеткен. Сондықтан бүгінде жас кітапханашы мамандардың жетіспеушілігі байқалады.