Арыстағы мереке кісі өлімімен аяқталды

461

Арыс ауданына қарасты Ақдала ауылында өткен Наурыз мерекесінің соңы жастардың жанжалына ұласып, ақыры атыспен тынған. Соның салдарынан бес адам жараланып, 33 жастағы бір азамат мерт болды. Ал күдікті үш азамат әлі қолға түскен жоқ.

003

Қанды оқиға ауылдағы мектептің спорт залында болған. Наурызға қатысты іс-шара кезінде өткізілген волейбол мен футбол сайысының соңы ауыл жастарының арасындағы жанжалға ұласып, атыспен аяқталған. Төбелес кезінде күдікті үш жігіт бес баланы жарақаттаған. Жарақат алғандардың бірі – Бағдат сол күні қайтыс болады.

000

Ақдалалық Клара Үсенова ұлының атыс қаруынан мерт болғанын естігенде жүрегі тоқтап қала жаздаған. Айдың-күннің аманында ауылда атыс болғаны бүкіл ауыл жұртын үрейлендіріп тастады. Тұрғындардың қорқынышы әлі сейіле қоймаған. Себебі, есімдері нақтыланған үш күдікті әлі бостандықта жүр екен.

Клара Үсенова, марқұмның анасы: «Жазықсыздан-жазықсыз Үсеновтер әулеті осындай қайғыда отырмыз, жарқыным. Басқа айтатыным жоқ. Қылмыскерді жазалаңыздар. Өтініш сіздерден! Маған ұқсап, аналар зарламасын! Аналар жыламасын, өтінемін сіздерден…»

Ауыр жарақат алғандардың бірі Қуандық есімді жігіттің анасы қорқыту әрекеті тоқтамай отыр дегенді айтады.

Гүлзия Сәдібекова, жарақат алған баланың анасы: «Қуай өлген жоқ па деп қоңырау шалып, сұрайды екен ағаларынан. Әлі де келіп өлтіретін шығар, бәлкім. Сол үшін де қорқамын керек десең..!»

Оқиға орнынан бірнеше оқтың гильзасы табылды. Ал атыс қарулары әзірге жоқ. Тәртіп сақшылары үш күдіктінің жеке бастары анықталғанын жеткізді. Қазір осы оқиғаға қатысты қылмысты іс қозғалып, барлық тиісті шаралар атқарылып отыр. Жазадан ешкім құтылмайды дейді.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=DWGZgF344LY[/youtube]

Алым Садықов, Арыс ІІБ бастығының орынбасары: «Бұл қылмыс бойынша күдіктілер толығымен анықталған. Олар туралы сілтемелер барлық қала-аудандардың ішкі істер бөліміне жіберілді. Қазіргі таңда күдіктілерді ұстау шаралары жүргізілуде.»

Прокурорлар мен полиция қызметкерлері қылмысқа қатысты 34 жастағы жігіт пен оның қасында болған екі жиенін жуық арада ұстаймыз деп отыр. Сондықтан құзырлы орындағылар мен жергілікті билік қайтыс болған Бағдаттан бөлек жарақат алған төрт баланың туыстары мен ауыл жастарына тыныштықтық сақтауды өтінуде.