«Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылған…

Белгібай Айтжанов

1941 жылы жау жағадан алған кезде қолына қару алып, ойланбастан майдан даласына аттанған қазақ жігіттері аз болған жоқ. Белгібай Айтжанов – сондай жандардың бірі.

Белгібай Айтжанов
Белгібай Айтжанов

Ол соғысқа дейін жас ұрпаққа сапалы білім беруде, ұлтжанды азамат етіп қалыптастыруда аянып қалған жоқ. Халықтың мұңын айтып, жағдайын жақсартуға үлес қосқан оны әділдігі үшін ел сыйлайтын. 1928 жылы солақай саясатқа қарсы шыққан Белгібай биліктің әрекетін айыптағаны аздай, жергілікті биліктің, Голощекиннің қылмыстық әрекетін әшкерелеуін тоқтатқан жоқ. Мұндай ерлік қиын-қыстау кезеңде көп адамның қолынан келе бермеген.

Осындай істердің басы-қасында жүрген Белгібай Айтжанов 1910 жылы Петропавл қаласында дүниеге келген. Дүние есігін ашпай жатып әкесінен, 7 жасында анасынан айырылған оның балалық шағы мен есею кезеңі ақпан, қазан төңкерістерімен қат-қабат келеді. Одан кейін көргені ашаршылық. Алайда оның көкірегінде болашаққа деген сенімі мол болады. Жас Белгібайдың көкірегіндегі сенімді оята білген, жаңа заман тынысын түсіндіріп, бағыт-бағдар бергендердің бірі – Сәкен Сейфуллин болатын. «Білім мен мәдениет қана қазақ халқына нағыз бақыт әкеледі» деген Сәкеңнің сөзі Белгібайдың білімге, ғылымға деген құштарлығын арттыра түсті. Осылайша ол Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Ілияс Есенберлин, Бейімбет Майлин, Сәбит Дөнентаевтармен қатар Пушкиннің, Горькийдің, Шолоховтың шығармаларымен танысады. Сол кісілерге еліктеп өзі де қалам тарта бастайды. Ол кезде Белгібай 17 жаста еді. «Лениншіл жас» газетіне жазған алғашқы мақаласы да сол кездері жарық көреді. 1930 жылы 7 жылдық мектепті тәмамдаған соң Петропавл қаласындағы 5 айлық «Қызыл мұғалімдер» курсына түседі. Сөйтіп, Мәлік Ғабдуллин, Әбділдә Тәжібаевтармен бірге оқыған жас Белгібай жиырма жасында ұстаздық етеді. Комсомол, кейінірек партия қатарына қабылданды. Дәл осы кезде ашаршылық басталады. Бұл тауқыметке қосымша елдің бас көтерер азаматтарына жазықсыз жала жабылып, «халық жауы» ретінде жаппай шаралары жүріп жатады. Міне, осы қиын-қыстау кезеңде қазақ даласының түкпір-түкпірінде халыққа тұтқа болар еңбекқор азаматтар өз жұртын аман сақтап қалу мақсатында аянбай тер төкті. Елді еңбекке жұмылдыра білген Белгібай Қондыбайұлы да колхоздың жұмысын жандандыруға бар күшін салып, жастардың білім алуына жағдай жасады. Жігерлі азаматтың талапшылдығы, еңбексүйгіштігі жоғарыға жетіп, 1934 жылы Белгібай Айтжанов білім бөліміне инспектор болып тағайындалады. Алайда көп уақыт өтпей ол өзі бұл қызметтен бас тартады. Ал 1941 жылы соғыс басталып, ел басына қара бұлт үйірілген кезде ойланбас-тан қолына қару алып, майдан даласына аттанған. Калинин, Курск облыстарының жерін, Белорусияның солтүстігін, Латвия, Литваны азат етуге қатысты.

Майдан даласының ең қиын шебінде шыңдалған Белгібай Қондыбайұлы Батыс Двина жағалауындағы кескілескен ұрыста артиллериялық зеңбіректен жауға оқ жаудырып, қаншама фашистті жер жастандырды. Осындай қиян-кескі шайқастарда өзі де бірнеше рет жараланып, әскери госпитальда жатты. Алайда жарасы жазылар-жазылмас майдан даласына қайта шығып, жауға қарсы тойтарыс беруге асығатын. Оның бұл ерліктері елеусіз қалған жоқ.

12-016

Кеудесіне «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендері мен «Сталинградты азат еткені үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарын тағып, 1946 жылы туған жерге оралған Белгібай ағамыз өмірінің соңғы жылдарына дейін партиялық қызметте болды. Жойқын соғыста ерліктің үлгісін көрсетіп ел қорғаған, бейбіт өмірдің жарқын болашағы үшін аянбай еңбек еткен жауынгер 78 жасында өмірден озды. Ол тіпті, өзінің «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылғанын да білмей кетіпті. Алайда, соғыс ардагері, ақын, ұстаз ретінде есімі кеңінен танылған оның жарқын бейнесі көзін көргендердің есінде мәңгі сақтала бермек. «Жақсының аты өлмейді» деген осы болар, сірә.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №12, 25.03.2015