Тауарын шумақтатып сатады

«Ақшаны ақша табады, жақсы адам кетпен шабады». Бұл ешқандай да атақты ақындардың өлең жолдарынан үзінді емес. Шымкенттегі Қырғы базардың темір-терсек бөліміндегі саудагер Бақытжан Сейтмұратовтың ойлап тапқан идеясы. Қарапайым шумақтан қайдағы идея деп отырған шығарсыз?! Сәл сабыр етіңіз, бәрін де түсіндіреміз.

09-001

Өзін «Баха» деп таныстырған саудагер үшін тауардың бағалау қағазының қасына әзіл-шыны аралас шумақтарды жазу қалыпты жағдайға айналған. Бұл сатып алушының жүзіне күлкі үйіртсе, бір шетінен, тауарының сатылуына септігі тиеді. Демек, бұл сауда әлеміндегі клиентті тартудың бір жолы. Идея авторының айтуынша, мұндай ойдың тууына жаңа жылдан кейінгі сауданың бәсеңдеуі себеп болған. Тауар бар, сатып алушы жоқ сәтте қасындағы көмекшілерімен ананы бір, мынаны бір айтып отырған Бақытжанға кенеттен бір идея сап ете қалады. Тақпақтатып тасталған тауарларға қарап, алғашында келушілер таң қалған. Қағаздағы шумақтарды оқып, рахаттана бір күліп, «Ай, қатырыпсыңдар. Дәл осы шумақ жазылған кетпеніңді не күрегіңді бере қойшы» дейтіндер көбейген.

Нәпақасын таңертеңнен кешке дейін базардан тауып отырған кәсіпкер қасына көмекші етіп екі інісін алған. Олар клиенттің сұраған тауарын шағын ғана қоймадан тауып беріп отырады.

09-004

Бір ғана сауда нүктесінен ауылшаруашылығы құралдарынан бөлек жөндеу жұмыстарының қажеттіліктері, тіпті сыпыртқыны да таба аласыз. Бағасы – 350 теңге.

Сауда нүктесінің сыртқы есігіне жабыс-тырылған жарнама-лардың арасынан «есік алдына көлік қойғандардың жазасы – машинасының алдыңғы тұсының терезесін күрекпен сындыру», «күректердің мықтысы – «Мықтыбек» деген жазбаларды көзіңіз шалады.

Бақытжан Сейтмұратов 3 ұл, бір қыздың әкесі. Соңғы он жылдан бері кәсіптің осы түрімен айналысады. Өткенін қазбалап сұрағаннан гөрі бүгіні туралы аз-кем білуді мақсат тұттық.

09-005

– Мұндай шумақтарды қайдан аласыз? Әлде ақындық қабілетіңіз бар ма?

– Шығармашылықтың адамы емеспін. Бірақ, анда-санда әзілдеп қоятын әдетім бар. Кейде достар, туыстар арасындағы отырыстарды басқарып, асаба боламын. Мен үшін елді күлкіге қарық қылу – үлкен бақыт. Үнемі позитивте болсаң өмірің де сондай күйге бөленері сөзсіз. Өзіңіз көріп отырған кетпен, сыпыртқыларға жабыстырылған шумақтардың көбі көне мәтелдер. Рас, кейде шабыт келетін де сәттер болып тұрады. Кейде ұйқастан ұйқас туып жатады.

09-003

– Сатып алушылар қалай қабылдап жатыр?

– Шынымдай айтайын ба, жарнамалаудың бұл әдісінен кейін келушілер көбейді. Кейде ешнәрсе сатып алмаса да қызық көріп, келіп кететіндер бар. Кетпен, сыпыртқылардағы шумақтарды оқып, ырым етіп сатып алатындар табылады. Мәселен, «Сыпырғанда жаның жай табады, байы жоқ қыздар бай табады» деген жарнаманың арқасында талай сыпыртқым өтіп кетті.

– Бәсекелестеріңіз табылған жоқ па?

– Көмекші інілерімнің айтуынша, жоғары жақтағы бір сауда нүктесіндегілер де осындай жарнамалауды қолға алыпты. Бірақ, дәл қай тауарына, қандай жазу жазғанын білмеймін. Барып көрмедім.

– Сіз темір-терсек тауарларын сатумен айналысасыз. Жылдың қай мезгілінде сауда қызады?

– Біздің тауарларымыз тұрмысқа қажетті болғандықтан жыл он екі ай сұранысқа ие. Соның ішінде кетпен, күрек секілді ауылшаруашылығы құралдарының өтімі көктемгі егіс кезінде артады.

09-002

Айтпақшы… 

Сауда әлемінде «клиенттікі қашан да дұрыс» деген қағида бар. Ол әрбір саудагердің қызмет барысында ұстануы тиіс негізгі қағидасы. Әйтпесе, тауарың сатылмай қалуы ғажап емес. Сонымен қатар нарықта тауардың сапасы, оны ұсыну жолдары жоғары деңгейде болу қажеттігін де ұмытпаған жөн.

Барлық саудагердің мақсаты – кәсібінің дөңгеленіп, табысының артуы. Сатып алушылар көбейіп, айналымы артса, міне мақсатқа жету жолындағы баспалдақтан бір саты жоғарылау деген осы. «Жаман қойшы жайлауынан бір күн жейді, жақсы қойшы жайлауынан мың күн жейді» дегенді ұстанған шымкенттік кәсіпкер осылайша сауда жасаудың жаңа әдісін жүзеге асырып келеді. Сауда жасай білу де – өнер екенімен келіспеске амал жоқ.

Дайындаған – Жансая Тәуекелқызы

«Оңтүстік Рабат», №9, 04.03.2015