«Қылмыс уақытқа бағынбайды»

Шырынбек Оңғаров, ОҚО ІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасының басшысы, полиция полковнигі
Шырынбек Оңғаров,  ОҚО ІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасының басшысы,  полиция полковнигі
Шырынбек Оңғаров,
ОҚО ІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасының басшысы,
полиция полковнигі

– Шырынбек Сусынұлы, өзіңіз басшылық етіп отырған басқарманың негізгі міндетінен хабардармыз. Жыл басынан бері атқарған жұмыстарға тоқтала кетіңізші…

– Біздің басқарма тек Ішкі істер департаменті емес, сондай-ақ қылмыстық атқару жүйесі, Төтенше жағдайлар департаменті, күзет басқармасы, 6506 әскери бөлімі мен полицейлерді оқыту орталығы қызметкерлерінің жұмысын қадағалайды. Олардың қылмысқа бармауын, егер орын алса, тиісті жазасын алуына мұрындық болады. Әрине, заң бәрімізге ортақ болғандықтан оны орындау да баршамызға бірдей міндет. Барлық жұмыс заң шеңберінде талап етіледі. Жыл басынан бері біздің басқарма 42 рейдтік шара жүргізді. Соның нәтижесінде 204 тәртіп бұзу фактісі тіркелді. Нәтижесінде 26 қызметкерге тәртіптік шара қолданылды. Ал, жолда жүру ережесін бұзғаны үшін 80 ішкі істер органы саласының қызметкеріне әкімшілік шара көрілді. 25 автокөлік айып тұрағына қойылды. Ең өкініштісі – өзгелерден заңға бағынуды талап ететін 3 қызметкердің өздері мас күйде көлік жүргізгені үшін істі болып, ол фактілер сотқа жолданды.

– Сыбайлас жемқорлыққа қатысты тіркелген іс саны қаншаны құрап отыр? 

– Жыл басынан бері бұған қатысты 14 факті тіркелді. Оның 9-ы тек бір ғана жанның қатысуымен жасалынған. Біз ол қылмыстарды анықтағанға дейін жемқорлыққа барған қызметкер зейнеткерлікке шығып кеткен. Бізде қызметін сыйлау үрдісі қалыптасып кеткен ғой. Егер орнынан кетсе, бүкіл былықтары ашылып, шағымдар да арта түседі. Бір қызығы бұл қызметкер қызметін асыра пайдаланып, «жұмысқа орналастырып беремін» деп 9 адамның қалтасын қағып, өзгенің қаржысын шімірікпестен қылғыта берген. Ал, қалған бес істің біреуі бұрынғы қаржы полициясы, қазіргі мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департамент қызметкерлерінің қатысуымен анықталды. Олар облысқа қарасты бір аудандық ішкі істер бөлімі басшысының тергеу жөніндегі орынбасарын пара алу барысында қолға түсірді. Қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлері мен учаскелік полицейдің де сыбайлас жемқорлыққа барған әрекеті ашылды. Әрине, мұндай фактілердің тәртіпті орнатуға әрі талап етуге міндетті қызметкерлердің қатысуымен орын алуы барша ішкі істер органы үшін үлкен сын. Ерекше атап өтерлігі, құқық қорғау саласы қызметкерлерінің тәртіп бұзу әрекеттерін былтырғы жылмен салыстыра алмаймыз. Биыл талап күшейді, заңға өзгеріс енді. Мәселен, бұған дейін біз орын алған тәртіп бұзушылықты 2 айға дейін тергеп, істі қозғайтын болсақ, ал қазір оған тек бір ғана тәулік берілген. Яғни, 24 сағаттың ішінде іс сотқа дейінгі бірыңғай тергеп тексеруге жолданады. Содан соң егер шын мәнінде құқықбұзушылық орын алса, жаза тағайындалады.

– Заңға қайшы әрекетке барған қызметкерлер қаншалықты деңгейде жазасын алуда? 

– Бәрі де тиісті жазасын алуда. Бізде тәртіптік комиссия деген бар. Құқықбұзушылыққа барған қызметкердің әрекеті алдымен сол комиссия мүшелерінiң қарауынан өтеді. Тиісті шара көріледі. Ішкі істер саласынан аластатылғандар да аз емес. Елбасымыздың өзі заңның бәріне ортақ екенін үнемі айтып отырады ғой. Тәртіп бұзған адам «ханның баласы» болса да, жауапкершілікке тартылады.

– Қылмыстың алдын алуға, егер орын алса, оның ашылуын қамтамасыз етуші қызметкерлердің құқықбұзушылыққа баруына не түрткі деп ойлайсыз? 

– Өмір болған соң түрлі жағдай орын алады. Біреулер қызметіне, шеніне сеніп, өз дегенін жасағысы келеді. Ал енді, бірі байқаусызда заңға қайшы шығып жатады. Нақты себебін айту қиын.

– Айтпақшы, соңғы кезде ішкі істер органдары қызметкерлерінің қоғам алдында беделін арттыру мәселесі жиі айтылып жүр. Дегенмен оған лайықсыздық танытып жүргендер де аз емес. Соның ішінде пара алу мәселесін ерекше атап өтуге болады. Бұны материалдық жағдайдың төмендігімен байланыстыруға бола ма? 

– «Материалдық жағдай төмен» дегенмен келіспеймін. Себебі мемлекет ішкі істер саласы қызметкерлеріне тиісті деңгейде жалақы төлеуде. Дегенмен, «періште алтын көрсе, жолдан таяды» деген бар емес пе? Кейде тура жолдан тайып кететіндер де бар. Меніңше, қолын «кірлеп», пара алғысы келетіндерге – қанағатсыздық себепші.

– Ішкі істер саласы қызметкерлеріне шағым айтушылар қайда хабарласа алады? Шағымдардың қаралу барысы қандай деңгейде?     

– Біздің басқармада арнайы сенім телефоны бар. Бұл қызмет тәуліктің кез келген уақытында шағым қабылдайды. Сол арқылы іс қаралып, тиісті шара көріледі. Әрине, егер шағым жалған болмаса міндетті түрде тиісті шара көріледі.

– «Шағым жалған болмаса» деп қалдыңыз, демек жала жабушылардың да саны аз емес қой. Солай ма? 

– Ондай фактілер де тіркелген. Біз шағымды қабылдап аларда ол бойынша арызданушыға ескертпе береміз. Жалған ақпарат беріп, жала жабу  қылмыстық әрекет екенін түсіндіреміз. Тіпті арызын қабылдап аларда көрінеу жалған ақпарат бергені үшін тағайындалатын жаза туралы заңмен танысқаны туралы қолхатын да аламыз. Өйткені жала жапқан азамат 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Тек біздің ғана емес, барлық ішкі істер саласының қызметкерлері әрбір шағымданушыны бұл заңнан хабардар етіп отыруы керек. Себебі халықтың барлығының бірдей құқықтық сауаттылығы жоғары дей алмаймыз. Заңнан хабарсыздар текке жазасын алмауға тиіс.

– Өзіндік қауіпсіздік басқармасы спирттік ішімдік ішіп алып көлік жүргізген полицейлермен қандай күрес шараларын жүргізуде? 

– Біздің басқармада арнайы инспекция жұмыс жасайды. Олар белгіленген мерзім ішінде рейдтік шараларын ұйымдастырады. Тәртіп бұзған қызметкерлердің тек спирттік ішімдік ішу емес, қызметте өзін-өзі ұстауы, елмен дұрыс жұмыс жасай білуі, бәрі-бәрі осындай шаралар арқылы бақыланады. Осы ретте ерекше атап өтерлігі, мен өз қызметкерлеріме «өзгені тексермес бұрын алдымен өзің сол тәртіпке бағынуың керек» деп үнемі айтып отырамын.

– Ел арасында «полицейлер қылмыс көп болса деп тілейді» дегенді естігеніміз бар. Келісер ме едіңіз? 

– Мүлдем келіспеймін. Қылмыс уақытқа бағынбайды. Тәуліктің кез келген мезетінде орын алады. Демек, полицейлер шақырту түсе салысымен оқиға болған орынға баруы тиіс. Өзіңіз ойлап қараңызшы, түн ішінде шырт ұйқыда жатқан қай адам ұйқысын бұзғысы келеді?! Әрбір полицей керісінше – «қылмыс орын алмаса, ел тыныш болса», деп тілейді. Сондықтан да бұл жай, жеңіл әңгіме. Тіпті әлдекімдердің айтып жүген әзілі деп қабылдаймын.

– Ішкі істер саласы қызметкерлерінің қылмыстың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарының ең негізгісі деп қайсысын айта аласыз? 

– Қылмыстың бірнеше түрі бар. Демек оның алдын алу жұмыстары да аз емес. Полицейлер заңбұзушылықты болдырмау бағытында барынша жұмыстар жүргізуде. Ал, біз сол қызметкерлердің әрекетін бақылаушы басқарма болғандықтан олардың заңбұзушылыққа бармауына жауаптымыз. Тағы да атап өтейін, біздің міндет – ішкі істер органы қызметкерлерінің қылмысқа бармауын қадағалау, олардың ел алдындағы имиджін көтеру болып табылады.

– Полицейлердің қоғам алдында өзін-өзі ұстауы, жалпы этикасы да мінсіз деп айта алмаймыз. Бұл қызметке қабылдарда қойылатын талаптың әлсіздігі ме?

– Салғырттықтың салдарынан дөрекілік танытандар да жоқ емес. Халықпен тіл табысу, өзін-өзі ұстау, тіпті киім-киісі мен жүріп-тұруы да талапта ерекше көрсетілген. Үсті-басы кір, ұсқынсыз жанды кім сыйлап, сенім білдірсін?! «Бір құмалақ, бір қарын майды шірітеді» демекші, мұндай әрекет арқылы барша полицейлердің абыройына нұқсан келуі мүмкін ғой. Сол себептен «талап әлсіз» дегенмен келіспеймін. Талап керісінше күшейген. Қазір ішкі істер саласына қызметке қабылдау ашық түрде өтеді. «Түгеншенің туысы екен» деген жоқ.  Заң саласында кәсіби білім, тек білім емес, сауаттылық та ерекше назарға алынады. Осы ретте айта кетейін, қызметіне адалдық танытып, мінсіз еңбек етіп келе жатқан қызметкерлер де баршылық. Әрине, ол біз үшін қуаныш.

– Сұхбатыңызға рахмет. 

Әңгімелескен – Жансая Тәуекелқызы

«Оңтүстік Рабат», №16, 22.04.2015