Мемлекеттен пәтер алғандар ауызсуға зар болып отыр

195

Шымкентте «Қол жетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасымен пәтер алған жас отбасылар ауызсуға зар болып отыр. Тоғызыншы қабатқа шейін шелектеп су тасуға мәжбүрміз дейді «Нұрсәт» шағынауданындағы № 10 үйдің тұрғындары.

Аида Майданова суды күн сайын сырттан тасиды. Ақпан айында пәтер кілтін қолына алған келіншек баспана мәселесі шешілді деп қуанған. Бірақ бірнеше мәселе қабат туындапты. Судың қысымын күшейтетін қосымша насостың құны 1,5 млн теңге екен. Мұндай ақша бізде жоқ деген мердігерлер суға жауаптылар әу баста өздері судың жоғарғы қабатқа қиындықсыз шығатынын осыдан бір ай бұрын тексеріп, көз жеткізіп алған деп отыр.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=J9r1lPP3Qbw[/youtube]

Бұл үйді су арнасының мамандары өз балансына әлі күнге қабылдамапты. Осындағы 9 қабатты тағы бес үйде нақ осындай қиындық бар. Суға жауаптылардың айтуынша, сынақ жүргізу кезінде су қысымы алтыншы- жетінші қабаттан жоғары көтерілмей қалған көрінеді. Сол себепті насос орнатып беруді түбегейлі талап етіп отырмыз дейді.

Сусыз отырған жас отбасылардың мәселесі қашан шешілері белгісіз. Мұндағылар тиесілі баспаналарына қоныстанғанымен, мердігер, әкімдік және коммуналдық қызмет су айдайтын қондырғыны орнату немесе орнатпау туралы ортақ мәмілеге келе алмай жүр. Ал тапсырыс беруші қалалық құрылыс бөлімінің мамандары бар кілтипан «Су арнасы» мекемесінде дейді.

Бақытжан Егізбаев, Шымкент қалалық құрылыс бөлімі тұрғын үй секторының басшысы: «Аталған тұрғын үйге ешқандай насос керек емес. Егер «Водоканал» келісімшартта уәде берген қысымды берсе, тоғыз қабат та толығымен сумен қамтылады. Ол үйлерде қосымша насостың қажет емес екені мемлекеттік сараптамамен дәлелденген. Әу баста «Водоканал» техникалық шартқа насосты қосу керек еді. Қоспаған.»

Бастарын ала қашқан тараптар осылайша өздеріне шаң жуытпай келеді. Ал қарапайым отбасыларға судың қашан жеткізілетіні белгісіз.