Оңтүстіктен шыққан қаһарман

2005 жыл. Ұлы Жеңістің 60 жылдығы мерекесіне орай Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екі майдангерге ең жоғары награда – «Халық Қаһарманы» атағын табыс етті.

Соның бірі – шардаралық Мәулен Қалмырзаев ақсақал еді. Оңтүстік жұртшылығы үшін бұл айтулы оқиға болды. Біздің облыстан шыққан тұңғыш Халық қаһарманына құттықтаулар, ыстық тілектер толассыз ағылып келіп жатты. Шардараның ғана емес, Оңтүстік Қазақстан облысының мақтанышына айналған бұл марапатқа баршамыз арқа-жарқа қуандық. Бұл шын мәнінде ел өміріндегі елеулі оқиға еді. Бірақ, ол шаттығымыз ұзаққа бармады….

15-008

Жазмыштан озмыш жоқ. Небәрі екі айға жетер-жетпес уақытта, дәлірек айтсақ, 2005 жылдың 25 маусымында Мәулен атамыз бақилық болды. Елбасымен қауышқан сәттері…

«Халық Қаһарманы» атағымен қоса берілген «Алтын жұлдыз» белгісі мен «Отан» орденін жарқыратып таққан атаны салтанатты түрде қарсы алу… Қаһарман қариямен кездесулер… Жұртшылық осындай мерекелі сәттерге тоймай, жеңіс мейрамының қызуы әлі басылмай жатқан кез еді. Кеше ғана құтты болсын айтуға келгендер енді көңіл айтуға мәжбүр болды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев қадірменді қарияның отбасына көңіл айту жеделхатын жіберді.

Бүгін Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Мәулен Қалмырзаевтың өмірі, еңбектегі ерлігі туралы бір ауық еске алып, оқырманға ұсынғанды жөн көрдік.

Мәулен Қалмырзаев 1919 жылы Өзбекстан Республикасының Жызақ облысы, Фарыш ауданы, Киров атындағы кеңшарда дүниеге келді. 14 жасынан бастап сол малшаруа-шылығы кеңшарына жұмысқа қабыл-даныпты. Неміс фашистері Кеңес Одағына баса-көктеп кіргенде кіші сержант М.Қалмырзаев Украинаның Бердичев қаласында өзі құралпы жастармен бірге әскери борышын өтеп жүрген болатын. «Жау басып кірді» деген суық сөзді бұлар маусымның 22-сінен 23-іне қараған түні есітті.

Дабыл қағылысымен бүкіл полк үдере көтеріліп, ұрыс қимылына кірісіп кете барды. Жас жауынгер ІІІ Украина майданының 6-шы Армиясы, 8-ші танк дивизиясы, 4-ші мотоатқыштар полкының құрамында соғысқа қатысады. Бердичев, Львов қалаларын жаудан қорғауда жан аямай ұрыс жүргізеді. Әсіресе, Киль бағытындағы соғыс аса ауыр тиді. Қарға адым жер үшін жан берісіп, жан алысқан сәттер. Алапат майдандағы өмір мен өлім.

Осы қанды шайқаста М.Қалмырзаев айрықша ерлігімен көзге түседі. Сол ерлігі үшін алғаш «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталды. Барлаушы болып жүріп қиян-кескі шайқастың арасынан ебін тауып, жау тылынан қаншама тіл әкелді. Бір ұрыс үстінде соқтығысқан екі танктің ортасында қалып кетті. Құдай сақтаған екен, аман қалды. Бірақ, сол аяғының өкшесін абажадай тажалдың шынжыр табаны мыжып кетті.

Табанымен жер тіреп тұрғанның өзі үлкен бақыт екенін сонда сезінді. Осы шайқаста ауыр жараланған бір топ жауынгерлер Самарқан госпиталіне келіп емделді. Ем қабылдап болып, қайта майданға сұранған жауынгерді әскерге жібермей қойды. Госпитальдың арнайы комиссиясы табанымен нық басып жүре алмайтын Мәулен Қалмырзаевты елге қайтарды.

1942 жылы елге оралған жаралы жауынгер еңбек майданына жең түре араласып кетті. Қызылқұм ауданына қарасты Шымқорған кеңшарында ферма зоотехнигі болып жұмысын бастаған жас маман өзінің іскерлігі мен біліктілігінің арқасында ферма меңгерушісі, совхоздың кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметіне жоғарылады. Мәскеуде оқып келді.

Жан-жақты ысылған, малдың жайын, жұмыстың жапсарын жетік білетін жігіт қай істі болмасын асқан жауапкершілікпен атқаруды әдетке айналдырды. Мұның қабілетін бағалаған облыс басшылары 1954 жылы Созақ ауданындағы «Тасты» кеңшарына директор етіп тағайындайды. Шу өзенінің бойына өзі бас болып салдырған көпірді ауылдағы адамдар бүгінде «Мәулен көпір» деп атайтынын естідік. Директор болып келгенде «Тастыдағы» қой саны 21 мың болса, аз уақыттың ішінде бұл көрсеткіш 37 мыңға артты.

Қаракөл елтірісінің бірінші сорттылығы 82 пайызға дейін өсті. Ауылда мектеп, аурухана, мамандарға арналған үйлер салынды. Елді мекенге жарық беретін күшті электр стансасы іске қосылды. Айналдырған төрт жылдың ішінде асыл тұқымды мал басы 53 мыңға көбейді. М. Қалмырзаевтың қажырлы еңбегінің арқасында экономикасы құлдыраған шаруашылық облыстағы ең алдыңғы қатардағы шаруа-шылыққа айналып шыға келді. Осы жетістігі Үкімет тарапынан да жоғары бағаланды. 1958 жылы бірінші Ленин орденін төсіне тақты.

Тәңірберді Ағманұлы, аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы: «Халқымызда «Ел есімін ер – шығарады, ер есімін – ел шығарады» деген аталы сөз бар. Бұл бекер айтылмаған сөз. Еліміздің, халқымыздың абыройын асқақтатып, беделін өсіріп, атын әлемге асқақтатқан қаншама азаматтарымыз бақилық болып кетті. Сол ағамыздың бірі Мәулен Қалмырзаев еді. Біз ол кісінің соғыстағы және бейбіт өмірдегі ерлік істерін әрқашан мақтан тұтып, қастерлеп келеміз. Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды. Облысымыздан шыққан тұңғыш Халық Қаһарманы Мәулен ағаның есімі де ұмыт қалмауы тиіс. Біздің аудандық ардагерлер кеңесі Мәулен Қалмырзаевтың есімін есте қалдыру мақсатында қаламызда жаңадан салынған мамандандырылған мектеп-интернатқа оның атын беру жөнінде тиісті орындарға ұсыныс жасады. Бұл игі іс жүзеге асса Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесінде Халық Қаһарманының рухына жасаған сауапты тірлігіміз болар еді…»

Мәулен аға 1958 жылдан зейнетке шыққан. 1981 жылға дейін «Көксу» кеңшарының директоры қызметін атқарды. Асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын «Көксу» кеңшары Мәскеуде өтетін Бүкілодақтық Халық Шаруашылығы Жетістіктері Көрмесінің (ВДНХ) 5 рет жеңімпазы атанды. Бір кеңшар үшін, оны ширек ғасырға жуық басқарған директор үшін бұл дегеніңіз ауыз толтырып айтатын жетістіктер!

1966 жылы М.Қалмырзаев екінші рет Ленин орденімен марапатталды. Одан басқа да «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендері мен бірнеше медальдарды иеленді. «Қазақстанның еңбегі сіңген зоотехнигі» белгісімен марпатталды. Бірнеше рет аудандық, облыстық Кеңестердің депутаттығына сайланды. Шардара ауданының «Құрметті азаматы» атанды.

Мәулен атамыз жан жары Бибіажар апамен бірге 11 ұл-қызды тәрбиелеп өсірді. Олардан 29 немере, 27 шөбере сүйіп барып, 86 жасында қайтыс болды.

М.Қалмырзаевты шарда-ралықтар қайраткер азамат, қазыналы қария ретінде жадында сақтап, есімін құрмет тұтады. 2006 жылы «Тұңғыш Президент» саябағындағы аудандық тарихи өлкетану мұражайы жанынан Кеңес Одағының батырлары Сейітқасым Әшіров пен Абылай Әлімбетовтің және Халық Қаһарманы Мәулен Қалмырзаевтың ескерткіш-мүсіндері орнатылды. Ауданға келген қонақтар, жас ұрпақ бүгінде осынау ескерткіштің басына барып, гүл шоқтарын қойып, тағзым етіп тұрады.

Айтпақшы…

Осы жолдардың авторы 1990 жылдары Отан алдындағы әскери борышын Украинаның Житомир облысындағы Бердичев қаласында мотоатқыштар полкында, одан Львов қаласы мен осы облыстың Рава Русская деп аталатын қаласында өтеп қайтқан еді. Халық Қаһарманы Мәулен Қалмырзаев атасының да дәл осы әскери бөлімде сонау бір қылшылдаған бозбала кезінде қолына қару алып, жаумен шайқасқанын ол кезде қайдан білсін?!

Әділ ӘБДІРАМАНОВ,
Шардара қаласы

«Оңтүстік Рабат», №15, 15.04.2015