Шымкентте 26 отбасы баспаналы болды

867

Шымкентте 26 отбасы қоныс тойын тойлады. Талай жыл тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға Нұрсәт шағынауданында бой көтерген көпқабатты үйден пәтер кілті табысталды.

үй берілді 015

«Бәйтерек» холдингінің құрамындағы «Қазақстан ипотекалық компаниясының» тапсырысымен салынған үйлер Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа жолдауында айтылған бастамаға сәйкес, әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы бойынша беріліп отыр.

Жаңа пәтердің кілті жас отбасыларына, ата-аналардың қамқорынсыз қалған жетім балаларға, көп балалы отбасыларына, әскери қызметкерлер мен оралмандарға табыс етілді. Баспаналы болғандардың арасында полиция қызметкері Асқар Ақтаев та бар. Екі баланың әкесі пәтер кезегінде он жыл бойы тұрғанын айтады.

үй берілді 003

Шымкенттегі жаңа іскерлік-әкімшілік орталық аумағында бой көтерген үйде жалпы аумағы 32-ден 69 шаршы метрге дейінгі 1, 2 және 3 бөлмелі пәтерлер бар. Қоныс иелері «Қазақстан ипотекалық компаниясымен» келісім-шарт түзіп отыр.

үй берілді 053

Ол құжатқа сәйкес пәтерлер мұқтаж жандарға 20 жыл мерзімге сатып алу құқығымен жалға беріліп отыр. Ол үшін ай сайынғы төлем орташа есеппен 1 бөлмелі пәтер үшін – 21 мың теңге, 2 бөлмелі пәтерге – 35 мың теңге, ал 3 бөлмелі пәтер үшін 46 мың теңгені құрайды.

Жылдың басында Астана, Алматы, Семей, Көкшетау және Қостанай қалаларында 1357 пәтер тапсырылыпты. «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру барысында 5 жыл ішінде 29 мыңға жуық отбасы пәтерге ие болады деп күтілуде.

үй берілді 050

Салтанатты шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов, «Бәйтерек» холдингі басқармасы төрағасының бірінші орынбасары А. Алдамберген және «Қазақстан ипотекалық компаниясының» басшылары қатысты.

Жалпы, мұндағы жалпы ауданы 56,2 мың шаршы метр, жалпы саны 1080 пәтер мамыр айының соңына дейін таратылады. Бұл баспаналардың жартысына жасы 35-ке толмаған жас отбасылар ие болады. Қалғаны бюджеттік ұйым қызметкерлеріне, мемлекеттік қызметкерлерге, көпбалалы отбасыларға, мүгелек баласы бар отбасыларға, асыраушысынан айырылған отбасыларға, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға, толық емес отбасыларға, оралмандар мен әскери қызметкерлерге бөлінеді.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=-ku037wdBIU[/youtube]

Сондай-ақ, бүгін Шымкенттегі қарт майдангердің пәтерінде жөндеу жұмыстары басталды. Құрылысшылар соғыс ардагерлерінің пәтерін заманауи үлгіде жөндеп жатыр. Ол үшін қалалық бюджеттен 188 мың теңге бөлінген.

Солардың бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері Александр Буровтың пәтеріне бөлінген қаржы жетпесе, Абай ауданы әкімдігі демеушілер есебінен толықтырады деген жоспар бар. Айта өтейік, бір ғана Абай ауданында 47 ардагер болса, соның 18-нің баспанасы жөнделеді.