Жылудың бағасы өсе ме?

Алдағы жылыту маусымынан бастап Шымкентте жылу тарифі 31,69 пайызға көтерілуі мүмкін. Себебі, қазіргі жылу бағасы кететін шығынды ақтамайды. Бұл туралы 2015-2019 жылдарға арналған тарифті бекіту бойынша қоғамдық тыңдауда «3-Энергоорталық» АҚ бас директорының міндетін атқарушы Нағима Жақыпова мәлімдеді.

Нағима Райымханқызының айтуынша, ескірген құбырлар мен құрылғылардың кесірінен мекемеге  247 300 теңге шығын келген. Бұған тұрғындардың мекеме алдында қордаланып қалған қарызын қоссаңыз жалпы сомма 1 млн 149 мың 300 теңгеден асып жығылады.

Бүгінде тұрғындар жылудың 1 шаршы метрі үшін  81,70 теңге төлейді. Егер жылу бағасы қымбаттайтын болса, алдағы 4 жылда тариф бірте-бірте көтеріліп отырады.

16-004

Сонда 81,70 теңгені төлей алмай, қарызданып жүрген халық 105,68 теңгені төлей алады деп ойлайсыз ба?

Осылайша  мамандар 5 жылда жылу тарифінен 3 млрд теңге көлемінде пайда түсетінін есептеп те қойыпты.  Тіпті, түсетін қаржыны қайда және қалай жұмсайтындарын да жоспарлап отыр. Айтуларынша  бұл қаржы ескі құбырларды ауыстыруға және сала мамандарының айлық жалақысын көтеруге жұмсалмақ.

«3-энергоорталық» АҚ тел.: 35-49-76

Бірақ, маманның бұл мәлімдемесі шымкенттіктерді қанағаттандырған жоқ. Олар жұмысшылардың жалақысын көтеру үшін жылу бағасын қымбаттатуға түбегейлі қарсы екендерін айтты. Себебі, осы тарифтің өзін әзер төлеп жүргендер де бар. Алайда  басшысының 500 мың жалақы алатынын айтқан Нағима Райымханқызы қызметкерлердің жалақысын көтермесе болмайтынын айтып шыр-пыр болды.

Қалай айтсақ та, ұсыныс жасалды. Ал оның қанағаттандырылатынын не кері қайтатынын монополияны реттеу  агенттігі шешетін болады.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №16, 22.04.2015