Қазығұртта дарынды балаларға арналған мектеп-интернат ашылды

3740

Оңтүстік Қазақстанға жасаған жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған үкімет мүшелері Қазығұрт ауданы, Атбұлақ ауылындағы Жамбыл Қаппаров атындағы №5 мамандандырылған физика-математикалық мектеп-интернатының ашылу салтанатына қатысты.

001

Мектеп-интернат 400 оқушыға арналған. Мұнда 300 орынды жатақхана да бар. Білім ошағында балалардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына барлық жағдай қарастырылған.

005

Химия, физика пәніне арналған кабинеттер заманауи оқу жабдықтарымен және қолданбалы-әдістемелік құралдармен қамтылған. Спорт залында жаттығу бөлмелері мен қатар жуыну бөлмесі қамтылып, спорттық бұйымдармен жабдықталған. Сондай-ақ, мектепте асхана, балалар демалатын орындар, кітапхана, дәрігерлік көмек көрсету бөлімдері де бар.

004

Бүгінде дарынды балаларға арналған мектепте 303 оқушы білім алса, оларға білім нәрін 44 ұстаз береді. Білікті ұстаздардан тәлім алған мұндағы оқушылар түрлі деңгейдегі халықаралық жарыстарға қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр.

006

Мысалы, 2014-2015 оқу жылында Алматы қаласында өткен математикадан халықаралық пән олимпиадасында 11-сынып оқушысы І орынға ие болса, Президенттік олимпиаданың облыстық кезеңінде тәлімгерлер ІІ және ІІІ орындарды лайық деп танылған. Ал «Самұрық» облыстық математика пәні бойынша олимпиадада 14 оқушы үздіктердің қатарынан көрінді.

007

Мектептің ашылу салтанатына қатысқан мәртебелі қонақтар оқушылардың қолымен жасалған инновациялық жобалар көрмесімен танысып, жас өскіннің талабына жоғары бағасын берді.

003

Мектеп-интернатқа Жамбыл Қаппарұлының есімі беріліп отыр. Ж.Қаппарұлы 1938 жылғы 23 желтоқсанда Атбұлақ ауылында дүниеге келген. 1953 жылы Атбұлақ елдімекеніндегі жеті жылдық мектепті аяқтаған соң, Түлкібас ауданы Ванновка ауылының Абай атындағы орта мектебінде оқып, оны 1956 жылы бітірген.

002

Сол жылы Қазақтың мемлекеттік университетінің механика-математика факультетіне түсіп, оны 1961 жылы аяқтап, экономист-математик мамандығын алған. Жамбыл Қаппарұлы еңбек жолын автомобиль-транспорт министрлігінде жаңадан ашылған есептеу орталығында қызмет етуден бастады. Сол жерде инженер-программист дәрежесінен директорға дейін көтерілді. Жамбыл Қаппарұлының жарыққа шыққан 100-ден астам ғылыми еңбегі бар.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі