Бес тәулік ішінде 1400 келімсек анықталды

197

«Келімсек – 2015» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында Оңтүстіктің полицейлері 5 тәулік ішінде көші-қон заңнамасын бұзған 1,5 мыңнан астам адамды анықтады. Бұл туралы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

18-22 мамыр аралығында облыс аумағында ішкі істер департаментінің көші-қон полициясы басқармасының қызметкерлері облыстық ҰҚКД қызметкерлерімен бірігіп «Заңсыз келімсек -2015» жедел-алдын алу іс-шарасын жүргізді. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу және шетелдік азаматтарды заңсыз жұмысқа тарту фактілерін анықтау болып табылады.

Аталмыш іс-шара барысында 5 күн ішінде көші-қон заңымен және шетелдік азаматтардың Қазақстан Республикасы аумағына келу ережелерін бұзғаны үшін полиция қызметкерлері 1578 құқықбұзушыны анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оның ішінде 1392 шетелдік азамат және 186 Қазақстан Республикасының азаматы бар.

Әкімшілік тәртіпті бұзғаны үшін 526 құқықбұзушыға ескерту жасалып, 195 тұлғаға әкімшілік айыппұл салынды, 535 шетелдік азамат әкімшілік қамауға алынды. Сондай-ақ, сот қаулысымен 136 шетелдік ел аумағынан тысқары шығарылды.

Өзінің жеке тұлға екенін растайтын құжаттары және жеке куәлігі болмаған 277 азамат қабылдап-тарату бөліміне жеткізілді. Шетелдік жұмыс күшін пайдалану және жеке тұлғаларды тіркеуге алу ережелерін бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының 192 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өткен, заңсыз көші-қонды ұйымдастырған және ел аумағынан шығарылу шешімін орындамағаны үшін 40 адам қылмыстық жауапкершелікке тартылды.