Мархабат Байғұт – 70 жаста!

880

Оңтүстік Қазақстанның Түлкібас ауданында қарымды қаламгердің туған күн кешіне 70 жылдығы аталып өтті. Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, белгілі қаламгер, журналист, қоғам қайраткері Мархабат Байғұттың 70 жылдық мерейтойы Жаскешу ауылының Мәдениет үйінде аталып өтілді.

001

Жазушының мерейтойына орай ұйымдастырылған ғылыми-тәжірибиелік конференцияға облыс әкімі А.Мырзахметов арнайы барды. Сонымен қатар жиынға түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымының төрағасы, Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Астана, Алматы қалаларынан келген қонақтар мен елімізге танымал ақын-жазушылар қатысты.

Жұмабай Шаштайұлы, «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы: «Мархабаттың өзіндік таңбасы бар. Яғни, өзінің бояуы бар. Бұрын суретшілерден ақ қағазға ақ бояу жақты дегенді естуші едім. Соны енді түсіндім. Мархабат аға соны ұғындырды. Сол ақ бояуды әдемілеп, қырлап, сиқырлап жазады, құпиясы бар. Ол прозаға қазақи мінезді, қазақи кісілікті, қазақи байсалдықты алып келді. Осынысымен құнды. Осынымен қымбатты».

003

Мархабат Байғұт – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Шілде», «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы», «Нәурізек», «Қорғансыз жүрек», «Дауыстың түсі», «Машаттағы махаббат», «Серт пен сенім», «Әдебиет пәнінің періштесі», «Жоғалған жұрнақ. Желтоқсанға 20 жыл», «Түркі текті Темірханға», «Белесебет пен байлық», «Шырайлы шаһар Шымкенттің 2200 жылдығын рәсімдейтін кез келді» сынды көптеген туындылардың авторы. 2005 жылы төрт томдық шығармалар жинағы жарық көрген.

002

Сондай-ақ, 2008 жылы «Жазушы» баспасынан «Салқын масақ» атты повестері мен әңгімелерінің жинағы шықты, «Үркер» роман-газеті журналында «Оқу залы» деген атпен он сегіз әңгімесі жарияланды.
Жазушының бірқатар шығармалары орыс, украин, өзбек, түрік, саха, қарақалпақ тілдеріне аударылған. Өзі В.Шукшиннің, Ю.Покальчуктің, У.Ирвингтің, Ш.Айтматовтың шығармаларын аударған.

004

Мерейтой «Балықты көлі» маңында жалғасын тапты. Мұнда алты қанатты ақ үйлер тігіліп, ақ дастархан жайылды. Аудан жұртшылығы Мархабат Байғұтқа тұлпар сыйлады. Жазушының тойына облыстық Ш.Қалдаяқов атындағы филармонияның әртістері әннен шашу шашты.

005

Мархабат Байғұт 1945 жылғы 25 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының Пістелі ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. 1968-1973 жылдары еңбек жолын Түлкібас аудандық «Шамшырақ» газетінде, 1974-1984 жылдары облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде, 1984-1985 жылдары облыстық партия комитетінде қызмет істеді.

2005-2008 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы тілдерді дамыту басқармасының басшысы, «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік өңіріндегі арнаулы тілшісі болып еңбек етті. Бүгінде облыс әкімі жанындағы «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумының атқарушы хатшысы.

М.Байғұттың көркем, публицистикалық дүниелері республикалық басылымдарда тұрақты жарияланып тұрады. Бүгінде «Мархабат Байғұт» қоғамдық қоры құрылып, түрлі шаралар ұйымдастырып жас таланттарды қолдап, жұртшылыққа қызмет көрсетуде.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметінің көмегімен