Серік Әуесханов: «Түлектің ҰБТ-ға қатысуына тыйым салған мектеп директоры жазаланады»

306

«Отырар-TV» телеарнасының тұрақты «Бізде қонақта» айдарының кезекті қонағы – облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Серік Елемесұлы Әуесханов.

003

– Серік аға, студиямызға хош келіпсіз! Бүгінде басқарманың аясы кеңейді, үш бірдей сала бірігіп отыр. Осы орайда жұмыс көлемі қанша есеге артты, шаруа қиындады ма? Күн сайын жұмыс қарбалас өрбитін болар, бәлкім?

– Әрине, жасырмаймын, жұмыстың ауқымы өте көп. Сол білім саласының өзінде мектепке дейінгі ұйымдар, орта білім беру, сосын колледждер бар. Білімнің өзі үлкен үш бірдей саладан құралғаны белгілі. Оған жастар саясаты, тілдерді дамыту, ономастикаға қатысты мәселелер қосылып жатыр. Енді біріккен басқармалар – арамызға жаңа қосылған ұжымның қызметкерлерімен бірлесіп, жұмыла қызмет атқарудамыз. Жұмыс көлемі артты, тиісінше, жауапкершіліктің де салмағы жоғарылады дей аламын.

– Өңірімізде 25 мамыр күні соңғы қоңырау соғылды. Биыл облыс көлемінде мектепті қанша түлек тәмамдап отыр?

– Облысымыздағы барлық мектептерде соңғы қоңырау шарасы өз деңгейінде өтті. Салтанатты жиындарға бірқатар жергілікті билік өкілдерімен қатар мәслихаттың депутаттары, басқарманың мамандары да арнайы қатысты. Ал биыл облысымызда 30 982 оқушы мектепті аяқтады. Олардың тілдеріне қатысты ақпарды айтатын болсам, қазақ тілінде оқитын оқушыларымыз – 23 152, ал орыс тіліне білім алған шәкірттер – 2794, өзбек тілінде – 4726, тәжік тілінде 310 оқушы 11-сыныпты тәмамдады.

– Биыл облысымызда қанша оқушы «Алтын белгіден» үміткер?

– Білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту бақармасына келіп түскен құжаттары саны – 1091. Комиссияның сараптамасы бойынша солардың 1085-ін ұсынуға болады деген тұжырым жасалды. Яғни, 1085 түлектің құжаттары қазіргі уақытта ҚР білім және ғылым министрлігіне «Алтын белгіден» үміткер ретінде ұсынылды.

– Әне-міне дегенше ұлттық бірыңғай тестілеу науқаны да басталмақ. Биыл білім сынағы қай күндері өтеді, оған дайындық шарасы қай деңгейде?

– 2015 жылы облысымызда тестілеу маусым айының 2-8-і күндері аралығында өтеді деп жоспарланған. Ал ұлттық бірыңғай тестілеудің көрсетілген ережесі бойынша 1-15 маусым аралығында деп белгіленген. Сондықтан қазіргі уақытты тынымсыз дайындық шарасы да басталып кеткен.

– Биыл мемлекеттік сынаққа қанша түлек қатысуға ниет білдірді?

– Ия, биыл 31 мыңға жуық бала мектеп бітірген болса, оның 18 597-сі ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспақ. Жыл бойы осы шәкірттердің дайындалып, сабақтарын қайта қарап, өз білімін шыңдауы нәтижесінде оқушылардың сұранысы және ата-аналарының келісімімен, ережеге сәйкес, 10 наурыздан бастап, 21 сәуірге дейін өтініштер қабылданған болатын. Арасындағы 380 оқушы өзбек сыныбын аяқтаған. Жалпы қатысу пайызы анағұрлым жоғары.

– Өткен жылғы қатысу көрсеткішімен салыстыра қарағанда биыл қатысушылар саны кеміді ме әлде артты ма?

– Жоғарылап отыр деп мақтана айта аламын. Өткен жылы да алдыңғы жылмен салыстырғанда қатысу пайызы 1 пайызға артқанын білеміз. Яғни 2013 жылы – 67 пайыз, 2014 жылы – 68 пайыз, ал биыл бұл көрсеткіш 70 пайызға жетіп отыр.

– Дәл қазіргі уақытта түлектер дайындық-тестілеуді тапсырып жатыр, нәтиже қалай?

– Қыркүйек айынан бастап оқушылардың дайындық шарасы пысықталып келеді. Әр ай сайын сараптама жасап, қорытынды бойынша жиналыстар жүргіземіз. Соңғы тапсырған тестілеу нәтижесін айтар болсам, орташа көрсеткіш 77,6 балды құрап отыр. Әрине орта баллдың жоғары деңгейде сақталуы біз үшін маңызды. Мәселен, Кентау, Түркістан қалаларында жыл сайын дайындықтағы жоғары көрсеткіш соңғы шешуші сынақтың нәтижесімен сәйкес келіп жатады.

– Биыл ұлттық бірыңғай тестілеудің жүйесіне, тест қорытындысын бағалауда өзгерістер енгізіліпті, осы жөнінде айтып берсеңіз…

– Әрине, талапкерді бағалауда өзгеріс енгізілді. Жыл қорытындысы бойынша алып жатқан бағалары мен ұлттық бірыңғай тестілеуден алған балын қосып, оны екіге бөліп, соны дөңгелектеу нәтижесінде орта бағасы шығарылып есептеледі және сол баға аттестатқа түсіріледі.

Жасыратыны жоқ, көбіне ауыл мектептерінің директорлары білім ұясының білім деңгейлерін ойлап, өздерінің жылы орынтағынан айырылмас үшін, кей түлектердің білім сынағына қатысуына тыйым салады. Егер мұндай жағдай орын алған жағдайда, ата-ана кімнің көмегіне жүгінгені дұрыс?

– Біз жыл бойы осы мәселемен күрес жүргіземіз. Өткен жылдан бері мектептердің білім деңгейін бағалауда жаңа жүйені қолға алдық. Яғни, мектеп оқушыларының орта балымен емес, ондағы шәкірттердің мемлекеттік сынаққа қатысу пайызымен есептеп келеміз. Егер қатысу пайызы төмен болса, мектеп басшылығының қызметі қаралатын болады. Енді басқарма ғана емес, ҚР білім және ғылым министрлігі де біздің жүйені қолдап, мекеме де осындай бағалау жүйесіне өткелі отыр.

– Қандай жағдайда талапкер аудиториядан аластатылады?

– Көмекқағаздары (шпоргалка), есептеуіш құралдарымен ұсталған жағдайда, ұялы телефонды алып кіріп, оны қолдануға тырысса және түрлі техникалық құралдарды қолданбақ болған жағдайда талапкер аудиториядан шығарылады. Және қатысушының балы толығымен жойылады. Тіпті баға қойылмайды.

– Биыл қай оқу орындарының ғимараты мен білім ұйымдарының нысандары тестілеу бекеті ретінде таңдалып отыр?

– Бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысында 16 тестілеу бекеті бар. Соның төртеуі жоғарғы оқу орындарының ғимараты болса, үшеуі Шымкентте орналасқан. М.Әуезов атындағы ОҚМУ, М.Сапарбаев атындағы ОҚГИ, ОҚММФА оқу орындарының нысандарында мемлекеттік сынақ өрбитін болады деп жоспарланып отыр. Тек Сайрам ауданында ғана тестілеу өтетін бекет жоқ, себебі, аудан қалаға жақын орналасқан. Сол себепті ол ауданнан келетін талапкерлер М.Сапарбаев атындағы институтта тестілеуге қатысады.

– Биыл ауыл түлектеріне мемлекеттік сынақ қорытындысын бағалауда қандай жеңілдіктер қарастырылып отыр?

– Ұлттық бірыңғай тестілеу және кешенді тестілеу аяқталған соң, екеуінің қорытынды нәтижесі бойынша ҚР білім және ғылым министрлігі қанша жеңілдік берілетінін қарастырады. Яғни ол біздің ауылды жерді аяқтаған оқушыларымызбен қатар шетелден келген қандастарымыз, ғылыми жобалар мен пән олимпиадаларының жеңімпаздары және әлеуметтік жағдайлары ескеріле отырып, талапкерлерге белгіленген ереже-талаптарға сәйкес, жеңілдік жасалады. Екі сынақ аяқталысымен, жеңілдіктер бірге қарастырылады. Оның қорытындысы тамыз айының 11-12-13 күндері аралығында «Егеменді Қазақстан», «Казахтанская правда» газеттерінде жарияланатын болады.

– Қандай олимпиада, білім бәсекелерінің жеңімпаздарына жеңілдік жасалмақ?

– Мұны министрлік анықтайды, тіпті, бірқатар жеңімпаздарды тестілеуден босатады. Халықаралық, республикалық олимпиада мен ғылыми жобалар сайысында топ жарған оқушылардың тізбесі, оның дәрежесін анықтаған облыстық басқарма тиісті құжаттарды ҚР білім және ғылым министрлігіне жолдайды. Мемлекеттік сынақ уақытына дейін сауал қаралып, дәрежесі анықталып, министрлік тарапы тестілеуден босату жөнінде бұйрық шығарады. Өткен жылы білім басқармасы болып біз 100-ге жуық оқушының тізбесін жоғары жаққа ұсындық, нәтижесінде 68 түлекті ұлттық бірыңғай тестілеуден босату жөнінде шешім шықты. 65 оқушыға 125 балдық көрсеткіш берілсе, қалған 3 оқушы 115-120 балдың аралағында еншіледі.

– Алтын уақытыңызды бөліп, биылғы талапкерлерлер үшін маңызды ақпарды өзіңіз айтып бергеніңіз үшін Сізге үлкен алғысымызды білдіреміз. Сұхбатыңызға рахмет!