Шымкенттегі қоймадан «ЦЕФ-III» дәрісі қолды болды

266

Шымкенттегі «Химфарм» акционерлік қоғамында «ЦЕФ-III» деп аталатын дәрі қолды болды. Бұл фактіні аймақтағы медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаменті өкілдері жоспардан тыс тексеру кезінде анықтаған. Бұл мәліметті прокуратура қызметкерлері мәлімдеп отыр.

Алмас Меңлібаев, Шымкент қалалық Әл Фараби ауданы прокурорының орынбасары: «Цифтраксон» дәрісінің 62 келісінің орнында басқа ұнтақтың тұрғаны анықталған. Бұл орын алған дерек Әл Фараби полиция бөлімінде «Сеніп тапсырылған мүлікті ысырап ету» фактісімен тіркелді. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Арнайы, қажетті сараптамалар тағайындалды. Осы қылмыс бойынша барлық тергеу амалдары толық жүргізіліп, нәтижесінде түпкілікті шешім қабылданатын болады.»

Аталған ірі кәсіпорында ұрлықтың болған не болмағаны тергеу амалдарынан соң белгілі болмақ. Соның негізінде процессуалдық шешім қабылданады деді прокурор. Ал кейбір ақпарат құралдарында жарияланғандай, ел арасында қауіпті, жойылуға тиіс дәрі саудаға шығып кетіпті деген ақпарды құзырлы орган өкілі растамады.

Бұл дәрі дәріханаларға жетпегенін дейді Алмас Меңлібаев. Осы мәселеге орай дәрі-дәрмек шығаратын кәсіпорынға жолдаған сұрауымызға жазбаша ғана жауап алу мүмкін болды. Онда көрсетілгендей, «ЦЕФ-3» дәрісі менингит, пневмания секілді бірқатар жұқпалы дерттерге қарсы қолданылатыны айтылған.

Сондай-ақ, қолды болды деген дәрі ешқандай да жойылуға тиісті емес делінген жауап хатта. Және осы оқиғаның салдарынан бірқатар қызметкердің жұмыстан шеттетілгені де расталған жоқ.