Қақпақ ауылында жантүршігерлік жол апаты болды

704
Фото: //tvk-uko.kz

Қазығұрт ауданы маңындағы Қақпақ ауылында жантүршігерлік жол апаты болды. Соның салдарынан 6 адам қаза тапты. Мұнда көпірден өтіп бара жатқан жеңіл көлік суға құлаған.

Фото: //tvk-uko.kz
Фото: //tvk-uko.kz

Қайғылы оқиға таңғы сағат 9 шамасында болған. Ішінде 8 жолаушысы бар «Нива» автокөлігі көпірден каналға құлап кеткен. Апат орнында облыстық ТЖД қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Қазір құтқарушылар суға кеткен 25 жастағы қыздың денесін іздестіруде.

Тосын жағдайды көрген 40 жастағы кісі бірден суға секіріп, машина ішінде қалып қойған екі азаматшаны алып шығыпты. Қайта сүңгігенде ағыны қатты су оны да ағызып алып кеткен. Осылайша көзсіз батырлық жасап, өз өмірін қиған азамат Заңғар ауылының тұрғыны екені анықталған.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=YMTxhzna1ts[/youtube]

Айта кетейік, облыста 12 маусымнан бастап шомылу маусымы ресми түрде жарияланды. Алайда күнгей жұрты суға түсуді сәуір айында-ақ бастап кеткен. Соның салдарынан 14 адам суға кетіп, бақилық болыпты. Оның сегізі – кәмелет жасына толмағандар. Осы ретте төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері тұрғындарға ашық өзендер мен көлдерде, арықтарда суға шомылмауды ескертеді.

Бір белгілісі, күнгейдегі 41 су қоймасының тек үшеуінде ғана құтқарушылар жұмыс істейді екен. Олар – Шардара, Бөген және Тоғыс суқоймалары. Өзгелерінде қауіп көп. Ал құтқарушылар оның барлығын қадағалауға штаттың жетіспейтінін айтады.