Әуреге салған акциялар

321

Өз үлесін ала алмай жүрген акционер. Арнамызға Шымкенттегі механикалық зауыттың мүшелері хабарласып, кәсіпорын басшылығының басынып жүргенін айтып шағымданды. Акционерлер арасында зейнеткерлер мен мүгедектер бар. Кеңес Одағы тараған күрделі кезеңде қыруар қаржыға алынған акцияның қазір қайтымы болмай тұр дейді жыларман жұрт. Олар тиесілі акциясынан тиын да көрмеген.

Акциядан тиын да көрмеген зейнеткер-мүгедек

65 жастағы Ирсай апа Шымкент механикалық зауытының табалдырығын әбден тоздырған. Оның айтуынша, мекеме басшылығы кейуанамен сөйлесу былай тұрсын, қарияның қарасын да көргісі келмейді. Дегенмен, қарт ана отағасының осы кәсіпорында 32 жыл еткен еңбегімен жиналған акциясының үлесін алмай қайтпаймын деп бекініп отыр.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=INb4Zt_mAKo[/youtube]

Ирсай Әбдухаликова, Шымкент механикалық зауытының акционері: «Бастықтары сөйлеспек түгілі ішке кіргізбейді де. Орынбасарлары ақырып-жекіріп сөйлейді. Күйеуім осы зауытта тамағына алюминий жиналып, соның салдарынан мойнында өңешінен басқа ештеңе қалмай өлді. Акцияны менің атыма аударды. Кезінде қып-қызыл ақшаға алып, бір тиынын да көргенім жоқ. Өзім мүгедекпін. Зейнетақы дәрімнен артылмайды. Бұл зауытта отбасымызда 3 адам жұмыс жасаған. Мұндағылардың барлығы білетін. Сыйлайтын. Ал қазір мүлдем керсінше. Акциямды сатып алсын немесе үлесімді берсін.»

Зауыт басшылығынан зейнеткерлер мен мүгедектерді неліктен сандалтып қойғанын сұрау мүмкін болмады. Қақпадан қарсы алған күзетші түсіру тобын табалдырықтан аттатпады.

vlcsnap-2015-06-22-16h32m34s119
Акция ретінде салынған ақшасын ала алмай жүргендердің қарасы қалың дейді шағымданушы тарап. Үлесін үлестіріп бермейтін болса, құзырлы орган мүшелері арқылы қаражатыма қол жеткізуден тайынбаймыз дейді олар.