Арман Әлиев: ««Оңтүстік-цирк» халықаралық деңгейде өнер көрсетеді»

394

Құрылғанына үш жыл толған «Оңтүстік-цирк» мекемесі «Балақай, алақай-1!», «Балақай, алақай-2!» және «Джунгли» төл туындыларын сахналап, көрерменге ұсынған. Бұл туралы «Оңтүстік» ақпарат орталығында өткен баспасөз мәслихатында мекеме директоры Арман Әлиев мәлімдеді.

005

Жас өнер ұйымы өткен жылы «Джунгли» атты үшінші жаңа туындысын жасап, 10 қойылымын көрерменге ұсынды. Бұл туынды ТМД елдері ішінде алғаш рет цирктік спектакль ретінде қойылып, цирк өнерін басқа қырынан танытты. Астана, Алматы цирктерімен өзара әріптестік байланыс орнату жөніндегі меморандум түзіп, оның аясында бірнеше тәжірибе алмасу гастрольдік сапарлары ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, өнер ұжымы Тараз, Қарағанды қалалары мен өңіріміздің Қазығұрт, Төлеби, Отырар, Түлкібас аудандары тұрғындарына шығармашылық бағдарламаларын ұсынған.

– Былтыр оңтүстікқазақстандық цирк өнерпаздары үлкен манежде 10 қойылым, гастрольдік сапарлардағы сахналарда 15 қойылым, балғындарға арналған 7 таңертеңгілік ұсынса, цирк шаңырағы астында 21 концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, шетелдік цирк гастролімен 40 қойылым сахналаған. Ал биыл біздің өнерпаздар 4 қойылым қойса, оның екеуі Жеңістің 70 жылдығына арналды. Гастрольдік сапарларда 5 қойылым өтсе, шетелдік цирктердің 16 бағдарламасы ұсынылды,- деді Арман Әлиев.

Цирк өнерпаздары Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Қазақстан-Шымкент» телеарнасымен бірлесе отырып «Күш атасын танымас» телебағдарламасын дайындауға қатысып, бағдарлама қатысушыларына акробаттық номерлерді мінсіз орындап шығуға үйретті.

Бұған қоса «Оңтүстік-цирк» мекемесі Астана күні мерекесіне орай өтетін «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк фестиваліне қатысу үшін арнайы шақырту алған.

«Оңтүстік-цирк», ҚХР Шаньдун провинциясы мен Өзбекстан Республикасының цирк директорлары арасында үш елде жаңа бағдарлама дайындау бойынша келісімге қол қойылды. Осының нәтижесінде «Цирк картасы» идеясын құру жұмысы бастамасын тапты.

Цирк ұжымы биыл өзбек циркінің 100 жылдығына орай өтетін халықаралық фестивальге қатысады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі