Ауланы ластағандар жазаланады

270

Бұдан былай аулаға қоқыс тастаған тұрғындар жазаланады. Тазалықты күшейткен шымкенттік шенеуніктер осындай қадамға баруға мәжбүр. Қала берді аулаларға бейне-бақылау камералары орнатылатын болды.

Еңбекші ауданына қарасты көше бойларындағы жасыл желекті жайқалту, қурағандарын қырқу жұмыстарымен «Бәйтерек-ЛБ» серіктестігі айналысады. Жоспар бойынша бұл жұмыстар ерте көктемде атқарылуы тиіс-тін. Алайда, қураған ағаштарды қырқу шарасы әлі күнге дейін жалғасып жатыр.

Ауданда 900-ден астам көп қабатты үй бар. Өскен жабайы шөпті шауып, қоқыстарды тазалау да қарқынды. Бюджеттен осы мақсатқа 200 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Тұрғындар аулаларын әр апта сайын тазартып отырған мердігер компанияға дән риза.

Қоқыс жәшігін аузы-мұрнына толтырып тастайтын дүкен иелеріне шара көруді де әкімдік қолға алған. Демеушілердің көмегімен бейне-бақылау жүйесі орнатып, тазалық сақтамағандарға айыппұл салыныпты.

Ендігі кезекте Еңбекші ауданы аумағындағы көп қабатты үйлердің аулаларына жылжымалы бейне-бақылау жүйесін орнату жоспарланып отыр. Осылайша шенеуніктер бірқатар келеңсіздіктердің алдын аламыз дейді.