Оңтүстікте 41 елдімекен газбен қамтылады

287

Оңтүстікте 41 елдімекенді газбен қамту жұмыстары жүруде. Биыл облыста 20 елдімекен газдандырылып, көгілдір отынмен қамтамасыз етілген елдімекендер саны 335-ке жетпек. Бұл жөнінде «Оңтүстік» ақпарат орталығында өткен брифингте облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жолаушылар көлігі басқармасы басшысының орынбасары Лесбек Серікбаев хабарлады.

002

Оның айтуынша, биыл 41 елдімекенді газдандыру бағытында республикалық, облыстық бюджеттен жалпы сомасы 8,5 млрд теңге қаралып, 20 елдімекен табиғи отынмен қамтамасыз етіледі. Ал қалған 21 елдімекен 2016 жылға өтпелі.

‒ Оңтүстік өңірін табиғи газбен жабдықтау жұмыстары екі бағытта іске асырылып келеді. Біріншісі – «Бейнеу-Бозай-Ақбұлақ» бағыты. Бұл магистралды құбырдан табиғи газ алатын облыстың солтүстік-батыс бөлігіндегі 8 аудандағы 284 елдімекенді табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 1 АГТС құрылысы аяқталып, 6 АГТС құрылысы жүргізілуде. Бұл бағыт бойынша құрылыс жұмыстары 2016 жылы аяқталмақ. Ал екінші «Газли-Шымкент» бағыты бойынша 9 аудандағы 310 елдімекенді көгілдір отынмен 2021 жылға дейін қамтитын боламыз, ‒дейді басқарма басшысының орынбасары.

Екінші бағыт бойынша 2016 жылы 57 елдімекенді, ал 2017-2021 жылдар аралығында 49 елді мекенді газға қосу жоспарланған.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі