Облыс әкімі Түлкібас ауданында болды

386

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов берілген тапсырмаларының орындалуы туралы кезекті жиынын Түлкібас ауданында өткізді. Өңір басшысы әр саланың жұмысына жеке-жеке тоқталып, мамандардың жауапкершілігін жіті қарады. Қордаланған мәселелер бойынша аудан әкімі орынбасарларынан бастап, ауыл әкімдеріне дейін ескерту алды. Кейбірі жұмыстан шығарылды.

003

Кеңейтілген мәжіліс барысында тапсырмалардың орындалуы, орын алған мәселелердің шешілу жолдары сынды түйінді түйткілдер таразыланып, жұмысына салғырт қараған жауаптыларға шара көрілді. Аудан әкімі Қ.Әбдуәлиев тапсырмалардың орындалуы барысы жайлы есеп берді.

002

Түлкібас ауданында тұрғындарға берілетін жер учаскелерінің жай-күйін саралаудан басталған жиын барысында әр салада атқарылған тірліктер жеке-жеке талданды. Оның ішінде әлеуметтік нысандардың құрылысы, инфрақұрылым жеткізу мәселесі және аудан аумағынан өтіп жатқан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолы бар.

001

Облыс әкімі жерді үлестірудің өзіндік жүйесін қалыптастыру қажет екенін айтты. Ол үшін дерекқор даярланып, бөлінген жерлерге жол салу, ауыз сумен, электр жарығын тарту мәселелерін күні бұрын пысықтап алу қажет. Жиында жылыжайлардың бүгінгі ахуалы, мал шаруашылығын дамыту, елдімекендерді абаттандыру сынды мәселелер талқыланды.