Такси компаниясының қызметкерлері бір күнін балалар үйінде өткізді

Жолаушыларды тасымалдайтын «Такси Такса» компаниясының көліктері бір күнге қызмет түрін өзгертті. Қаз-қатар тізілген таксилер бұл жолғы бағыттарын балаларға арнады. Нәтижесінде №3 балалар үйі нағыз думанды мерекеге айналғандай.

Сайқымазақтар бүлдіршіндердің көңілін көтеріп, түрлі ойындар ұйымдастырды. Балалардың жүзіне қуаныш ұялады. Бір сәт асыр салып ойнап, үлкендермен бірге түрлі сайыстарға қатысты.

Айсұлу Хусайынова, «Такси такса» компаниясының өкілі: » Такси Такса» компаниясының өкілдері бүгінгі күнін тек балаларға арнайды. Мақсатымыз – ата-ананың жылы алақына мен мейіріміне зәру балаларға аз да болса қуаныш сыйлау. Өмірде жалғыз емес екендерін сезіндіру. Қайырымды жандардың бар екенін білсе дейміз. Сонымен қатар сыйға тәттілеміз де бар».

«Мейірімді такси» акциясын өткізуге қаламыздағы еріктілер тобы да бір бір кісідей атсалысты. Топ мүшелерінің арасында ең жасы кіші Индира әнін шырқап, өз өнерін ортаға салды. Сондай-ақ, қайырымдылық шарасы туралы әлеуметтік желілерден хабардар болған жандар да бірден көмек қолын созуға кірісіпті. Олар естелікке қолдан жасалған білезіктерді балаларға таратып берді.

Марина Абрамова, ерікті: «Балаларға көмектесу керек. Көңіл бөлу керек. Мұндай қайырымдылық шаралары өте қажет. Шараға ұйтқы болған компания мүшелеріне де алғыс айтамыз».

Балалардың жүрегіне жылу, жүздеріне күлкі ұялата білген компания өкілдері алдағы уақытта да бұл бүлдіршіндерден қамқорлығымызды аямаймыз деп отыр. Сондықтан қайырымдылық шараларын жиі ұйымдастырмақ ниетте. Ал қуанышқа кенелген балалар аға-әпкелеріне алғыстарын білдіріп, барлығы бірге естелік суретке түсті.