Жәрдемақы көбейеді…

21-023Мемлекет тарапынан тағайындалатын әлеуметтік жәрдемақы жайында бұған дейін де жазған едік. Редакциямызға жиі хабарласатын оқырмандарымыз әлеуметтік жәрдемақының кімдерге тағайындалатынын және қандай тәртіппен
төленетінін білгісі келеді.

Оқырмандардан келіп түскен сауалдарды еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің ОҚО бойынша департаментінің басшысы Бейбіт Сыздықовқа жолдай отырып, мән-жайды түсіндіріп беруін сұрадық.

– Мемлекеттік базалық әлеуметтік жәрдемақы бюджет қаражаты есебінен тағайындалады. Ол: мүгедектерге, асыраушысынан айырылғандарға және жасына байланысты зейнетке шыққан зейнеткерлерге ай сайын төленеді. Сондай-ақ, әлеуметтік жәрдемақыны елімізде тұратын шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдарда ала алады. Бір мезгілде әр түрлі мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алуға құқығы бар адамдарға олардың таңдауы бойынша бір жәрдемақы тағайындалады. Жәрдемақы тағайындау үшін өтініш жәрдемақыға құқығы бар адамның тұрғылықты жері бойынша «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың» РМКК (ГЦВП) (қалалық, аудандық) бөлімшелеріне беріледі. Оған қоса жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, тұрғылықты тұратын жері бойынша тіркелгенін растайтын құжат, зейнетақы және жәрдемақы беру жөніндегі уәкілетті ұйымдағы банктік шотының нөмірі туралы мәліметті қосып өткізу қажет.

Мүмкіндігі шектеулі жандар қанша алады?

Бейбіт Сыздықовтың айтуынша, мүгедектігі бойынша тағайындалатын жәрдемақыны жалпы аурулардан, еңбекте мертігуден, кәсіби аурулардан мүгедек болғандар, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар, 16-дан 18 жасқа дейінгі бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедек балалар, бала кезінен мүгедектер, әскери қызметін өтеу кезінде жарақат, контузия алғандар, негізгі әскери қызметтерін атқаруға байланысты және қатысты емес жазатайым жағдайдың салдарынан мүгедек болғандар, ядролық жарылыстар мен сынақтар кезінде радиациялық әсер етудің салдарынан жарақаттанғандар алады.

Сондай-ақ, басшы мүгедектігі бойынша берілетін мемлекеттік базалық әлеуметтік жәрдемақы мүгедектігі белгіленген күннен бастап тағайындалатынын, бірақ жәрдемақы тағайындауға өтініш берген күннен бастап 3 айдан кейін төленетінін айтты. Алайда ол үшін жоғарыда аталған құжаттармен қатар, аумақтық медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдері берген анықтама үзіндісін қоса өткізу керек.

Ескеретін жәйт, мүгедектік тобы өзгерген жағдайда жаңа мөлшердегі жәрдемақыны төлеу мүгедектік тобы өзгерген күннен бастап жүзеге асырылады екен.

21-024

Асыраушысынан айырылғандар ше?

Басшының сөзіне сүйенсек, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыға құқығы пайда болған күннен бастап тағайындалады. Бірақ барлық қажетті құжаттармен жәрдемақыға тағайындауға өтініш берілген күнге дейін әрі кеткенде 12 айдан аспауы керек. Мәселен, егерде асыраушысы 2013 жылдың ақпан айында қайтыс болып, жәрдемақы алушы құжаттарын 2015 жылдың ақпан айында тапсырған болса. Онда, жәрдемақы толыққанды құжаттармен бірге өтініш берген күннен бастап 12 айдан аспайтын мерзімге кейін шегеріліп, 2014 жылдың ақпан айынан бастап сол кездегі күн көріс деңгейі көрсеткішімен 12 айға жәрдемақы есептеледі. Жәрдемақы 18 жасқа толмаған, арнайы және жоғары оқу орнында 23 жасқа дейін күндізгі бөлімде оқитын балаларға тағайындалады. Егер де, ата-ананың екеуiнен де айырылған жағдайда (тұл жетiмдер) – жетім балаларға асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша да айлық жәрдемақы төленіп тұрады.

Сонымен қатар, қызмет мiндеттерiн атқару немесе әскери қызметтен өту кезiнде қаза тапқан немесе жаралану, контузия, мертiгу, ауру салдарынан қайтыс болған әскери қызметшiлердiң, Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары мен бұрынғы Мемлекеттiк тергеу комитетi қызметкерлерiнiң отбасы мүшелерiне асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша айлық жәрдемақының мөлшерi отбасының еңбекке жарамсыз әрбiр мүшесiне тағайындалады.

Жасына байланысты зейнетақы

Зейнетақы Қазақстан Республикасының заңында белгіленген зейнет жасына толған барлық азаматтарға тағайындалады.

Жәрдемақы тағайындау үшін құжаттарды қарау өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күнінен аспауы керек. Жәрдемақы төлеу жөніндегі уәкілетті орган тиісті шешім шығарылғаннан кейін бес жұмыс күннен кешіктірмей ол туралы өтініш берушіге хабарлайды. Ал, жәрдемақы тағайындаудан бас тартылған жағдайда бас тарту себебін жазбаша дәлелдеп, өтініш берушіге құжаттарын кері қайтарады.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың 1-шілдесінен бастап мемлекет тарапынан тағайындалатын әлеуметтік арнаулы жәрдемақы мөлшері біршама артады.

Бетті дайындаған – Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №21, 27.05.2015