«Жасыл ел» жасағы жұмысын бастады

648

Екі қолға – бір күрек. Дәл осы қанатты сөз жазда шымкенттік жастардың, әсіресе, студенттердің ұранына айналады. Биыл «Жасыл ел жасағына» қатысушылардың саны 254-ке артты. Яғни, мыңға жуық жас еңбеккер өңірімізді абаттандыру жұмысын атқарып жатыр.

"Жасыл ел" жасағына 1000 адам қатысуда


Әсем Ертерекова биыл алғаш рет «Жасыл елдің» жасағына енген. 20 жастағы замандасымыз таңғы сағат 7-ден бастап кешкі сағат 17:00-ге дейін қала аумағын көріктендіріп, көгалдандыру шаруасына атсалысып жүр.

Бүгінде М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де ауыл шаруашылығы саласын меңгеріп жүрген студент «Жасыл елдің» сарбазы атанғанын мәртебе санайды.

Әсем Ертерекова
Әсем Ертерекова

Әсем Ертерекова, студент: «Түскі ас уақыты –  1 сағат. Тамақтанып болған соң шаруаға қайта кірісеміз. Кей кездері шаршау деген болады, аптап ыстықта су ішкіміз келетін кездер кездеседі. Қазір жұмыс кестесіне де аздап үйрендім. Жалақымызды 25 мың теңгедей деп жатыр. Алғашқы жалақымды алсам, ата-анама беремін, олар үйіміздің қажеттілігіне жұмсайды.»

Еске салайық, ел аумағында «Жасыл ел» жобасы осыдан 10 жыл бұрын қолға алынған. Сол уақыттан бері бағдарлама жазғы уақытта жастардың демалысын тиімді өткізіп, қосымша қаржы табуын қамтамасыз етіп келеді.

Ал биыл жастар әдеттегідей ағаш отырғызып, көшет дайындамайтын болды. Бүгінге дейін егілген өскіндерді суарып, бұдан бөлек шаруаға кіріспек. Себебі бағдарлама 1 айға кешеуілдеп басталды.

Айта кетейік, бұған дейін әр студентке республикалық және жергілікті бюджеттен 36800 теңге айлық жалақы төленіп келген. Алайда биыл жалақының көлемі анағұрлым азайды. Және жасақтың құрамына да өзгерістер енгізіліпті.


Мұхтар Сейтжапбаров, облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы: «Жасыл ел» бағдарламасына қатысатын жастардың орташа айлық жалақысы – 25-35 мың теңге көлемінде. Яғни, белгіленген сома жергілікті мердігер компанияның келісімге отыруымен байланысты. Біз тек студенттерді емес, сонымен қатар жұмыссыз жастарды да жасаққа шақырдық. Олар көбіне аудандарға жұмысқа аттанды».

Жастар басқармасының басшылығы жалақының төмендеуін жұмыс беруші тарап, яғни, мердігер компаниялардың әрекетінен көреді. 18 400 теңге мемлекеттік бюджеттен бөлінсе, қалған 6600 теңге ғана жергілікті кәсіпорын тарапынан төленбек.

Биыл студенттер Арыс, Ордабасы, Мақтаарал, Кентау, Шардара сынды 7 бірдей ауданға аттанды. Енді олар қазан айына дейін уақытпен бөлініп, кезекпен жұмыс жасайтын болады.