Бос жатқан су жағалаулары пайдаға асады

264

Таяуда облыс әкімі А.Мырзахметовтың төрағалығымен ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстар бойынша кеңейтілген мәжіліс өтті. Басқосуда өңірдегі суармалы жерлердің көлемін ұлғайтудың тиімділігін зерделеу, суармалы жер көлемін арттыру жайы жан-жақты сараланды. Жерді ұтымды пайдалану жайы тыңдалып, таразыланды.

002

Алдағы уақытта іске асатын жаңа міндеттердің ауқымы талданып, нақтылы жөн-жобасы түзілді. Су көздерін тиімді пайдалану күн тәртібіндегі бірінші мәселе екенін айтқан өңір басшысы суармалы алқаптарды барынша тиімді қолдану жайына ерекше тоқталды. Бүгінде облыстағы 43 каналды жөндеу жұмыстарына 4 млрд теңге бөлініп отыр.

Асқар Исабекұлы осы каналдар мен былтыр және алдыңғы жылдары жөнделген суландыру жүйелерінің ауыл шаруашылығын дамытуға қосып отырған пайдасын тиянақты талдап, тиімділігін зерделеу жұмыстарын қолға алуды тапсырды. Сырдария өзенінің 340 шақырымы Оңтүстік Қазақстанның аумағынан өтеді. Осы өзеннің оң жағалауындағы құнарлы алқапты ұтымды пайдалану мәселесі де жиында тыңғылықты сараланды.

Мәселен, Шардарадағы дария жағалауында 1700 гектар алқапты ауыл шаруашылығы мақсатына қолдануға болады. Осы сынды Түркістан, Арыс аудандарындағы өзен жағалауындағы алқапты тиімді пайдалану қажеттілігіне ерекше назар аударылды, тереңінен зерттеу жайы кеңінен сөз болды. Бұл үшін суды өзеннен егіске су сорғы орнату арқылы шығарып, алқапты тиімді пайдалануға болады.

– Аудан әкімдіктері мен ауыл шаруашылығы басқармасы Сырдария өзені жағалауындағы жерлерді ұтымды қолдану жайлы бірлесе нақтылы жоспар дайындаса, аталған жобаларды қаржыландыруға дайынбыз, – деді. облыс әкімі.

Бұл үшін облыс әкімінің орынбасары С.Тұяқбаев бастаған жұмыс тобына бір ай мерзім ішінде жан-жақты талдау жасау жүктелді. Сондай-ақ, жауаптыларға өңірдегі су қоймаларының бүгінгі ахуалын таразылап, толыққанды дерекқор жасау міндеттелді.

Бұған қоса мал шаруашылығын дамытудың өңірлік іс-шаралар жоспары өңірімізде жемісті жүзеге асып келеді. Аталған жоспар аясында шағын несие алып, өз кәсібін бастап, әрі тұрмысын түзеуге ықпал ететін бағдарламаға жұртшылықтың қызығушылығы артып келе жатыр. Өткен жылы бұл салаға бөлінген 5,9 млрд теңгеге 2166 жоба қаржыландырылып, бір жылда 7 мың тонна ет пен 12 мың тонна сүт өндірілді.

А.Мырзахметов, обыс әкімі: «Былтыр қолға алынған бұл жоспар бір жыл ішінде оң нәтижесін берді. Ауылда несиеге ірі қара алып, бордақылаған, осылайша ісін өрге сүйреген отбасылар саны артты. Яғни, біз қолға алған шара ауылда жаңа жұмыс орындарын ашуға септігі тиген бірден-бір бастама болды. Алдағы уақытта осы селолық тұтыну кооперативтері арқылы ет, сүт өнімдерімен қатар, үй іргелік жерлерден алынған өнімдерді де қабылдайтын болады. Биыл бұл салаға қомақты қаржы бөлініп отыр. Ол үшін СТК-дағы зертхана, мал бордақылау алаңы, сойысхана, мұздатқыш, жем-шөп дайындау орны мен сүт қабылдайтын бекеттер бір типтік үлгіде болуы қажет.»

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі