Көпірдің құрылысы кешеуілдеп жатыр

486

Шымкентте Қапал батыр көшесіндегі көпір құрылысы көпке созылатын түрі бар. Ленгір тасжолына қосатын темір жол өткелін кеңейту жұмыстары кестеден кешігіп жүргізілуде. Чапаев елдімекені мен Төлеби ауданының тұрғындары төте жолдан айрылып, шаһарды шыр айналуға мәжбүр.

012

Мұнда алып көліктің күнделікті тірлігі су шашумен басталады. Әрлі-берлі жүйткіген техникалардың көтерген шаңын баспақ. Әрі десе өткелді қиып өтіп жатқан тұрғындарды тозаңға тұншықтырмаудың амалы. Одан басқа көзге көрінетін қызу құрылыс байқалмады. Жергілікті жұрттың да ызасын тудырып жатқан осы мәселе. Жоспарланған жұмыс созбаққа салынып, шаһарды шыр айналуға мәжбүрміз деп ашынады.

– Біз мына Чапаевка елдімекенінде тұрамыз. Бұрын автобуспен төтесінен келіп, тура осы базар маңынан түсіп қалушы едік. Енді жаяу жүруге мәжбүрміз. Ыстық күннің астында көпірді жаяу қиып өтеміз деп әбден шаршадық. Жарты сағаттан артық уақытты жұмсаймыз. Ал автобуспен бару үшін шаһарды шыр айналуға тура келеді.»

– Жаяу жүргіншілер мен таксистерден және автобус жүргізушілерінен обал болды. Қаншама халық өтіп жүрген осы жерден. Енді мынау құрылысшылар да жұмысты тезірек бітіруге асығар емес. Тек жолды жауып тастап жатыр. Ертең оның зардабын осы халық тартады.

Құрылыстың қарқынсыз қалыпқа түскенін жұмысшылардың өздері де мойындады. Теміржол өткеліндегі тірлік жүрдек пойыздардың қозғалысымен тығыз байланысты екен. Көпір астына берік бетон құйып, өткелді кеңейтуге басты қолбайлау да осы деп ақталды құрылысшы.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=UE8Gl93SY7g[/youtube]

Нұрәлі Рашитов, мердігер компания өкілі: «Бізге басты кедергіні теміржол қозғалысы келтіріп жатыр. Қазақндық жасап, бетон құю кезінде жүрдек пойыздар қауіпті жағдай тудырады. Одан қала берді мұнда электр қуатының кернеуі аса жоғары. Осының бәрін ескере отырып, біздің тәулік бойы жұмысты тоқтатпай істеуге еш мүмкіндігіміз жоқ. Сондықтан құрылыстың кестеден кешігуін жасырмаймыз.»

Маманның айтуынша, қазір қолға алынған жұмыстың тек 60 пайызы ғана орындалыпты. Күнделікті кесте бойынша пойыздарды тоқтатып, электр қуатынан ажыратуға тура келеді. Олай етпесе 27 мың вольт кернеу арасында жүру жұмысшының өмірі үшін аса қатерлі. Көпір астынан 23 теміржол өтсе, оның арасына 7 бетон тіреуіш орнатылыпты. Оның тек екеуінде ғана монтаждау жұмысы аяқталуға жақын. Ал қалғанының құрылысы қашан қарқын алатыны әзірге белгісіз.