Оңтүстікте де сел көшу қаупі жоқ емес

539

Оңтүстік Қазақстан облысында да сел көшу қаупі жоқ емес. Төтенше жағдай мамандарының айтуынша, Қазығұрт, Төлеби, Сайрам, Түлкібас, Сарыағаш аудандары мен Шымкент, Кентау қалаларының аумақтарында орналасқан өзендердің жағалауын бекітіп, назарда ұстамаса, жағдай қиындауы мүмкін.

Аталған аймақтарда өзен ойпаңдарының үстіне тұрғын үйлер салынған жәйттер де аз емес. Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбековтың төрағалағымен өткен селекторлық жиында осы мәселені қалай шешіп, не істеу керегі кезекті рет айтылды.

010

Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы аудан-қаланың жауаптыларына қауіпті болдырмай, алдын алу үшін уақытында қаржы бөлу керегін ашына жеткізді. Мұны алғаш рет айтып отырған жоқ. Тіпті, дабыл қағу құралдары орнатылмаған аудандар бар екен әлі.

«Әр талапты орындаудың негізі бар емес пе? Ертең, бетін аулақ қылсын, бір оқыс жағдай болса, шығындану сонда болады. Сондықтан қазір қаржы бөлуге немқұрайлы қарамаңыздар.»

Аудан-қалаларға мұндай тапсырманың беріліп келе жатқанына үш жыл болыпты. Облыс аумағында сел көшкіні бар қауіпті жерлерде су тасқынының, сел көшкінінің алдын алу бойынша 64 аймақ белгіленген. Солардың бірі – Мақтаарал ауданындағы Жайлау ауылы. Жақында елдімекенде кешенді оқу-жаттығу өтті. Зілзала қаупі бойынша жасақтар шұғыл шара атқарып көрді.

009

Төтенше жағдайлар кезіндегі іс-әрекеттерді пысықтауға ауданның басқару органдарынан бастап, төтенше жағдай комиссиясының, авариялық-құтқару қызметтері мен ерікті өрт сөндіру құрылымдарының өкілдері – жалпы 14 бригада жұмылдырылыпты. Жер сілкінісі, елдімекенді су алу қаупі төнгенде шұғыл әрекет ету жасағы, құтқару және инженерлік командалары, өрт сөндіру жасақтары тез арада эвакуациялау шараларын практикада көрсетті.

Оқу-жаттығудың барысында аса қауіпті жұқпалы ауру орын алғанда медицина, ветеринарлық және санитарлық қызметтердің іс-әрекеттері де пысықталды. Бұл тұста халықты оқыс жағдайдан алдын ала хабардар етуге енжарлық танытуы әдетке айналып барады. Алматыдағы сел көшкініне байланысты хабарламаның жасалмағанына қатысты әлі күнге дейін дау басылған жоқ.

Сондықтан төтеншеліктер бұл жұмыстарға елді мекендерде орналасқан мешіттерді үйлестіру жөнінде ұсынысын білдірді. Облыс аумағындағы қауіпті жағдайларды ұялы байланыс және телеарналар арқылы хабарлама беріп, СМС тарату туралы да сөз болды. Аудан, қала әкімдіктері мен су қоймалары иелері тарапынан осы өзекті мәселеге толыққанды назар аударылмай отыр.

Зәуре Оралбаева