Оңтүстікте егінге орақ түсті

773

Оңтүстік даласында егістік алқаптарына орақ түсіп, ору науқаны басталды. Жалпы, биыл облыста 196 мың гектар жерге масақты дақыл егілген болса, оның 146 мың гектары – бидай. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі жазады.

Осылайша биыл ауыл шаруашылығы дақылдары егісінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 6 мың гектарға артып, 785 мың гектарды құрады. Биыл алғашқы болып астық ору науқанын Қазығұрт ауданының диқандары бастаса, келесі орақты Ордабасы ауданы жалғастырмақ.

005

Таулы өңірде жалпы 34 мың гектарға жуық жерге бидай егілген. Ерте көктемде жауын-шашын мол түсіп, егін де бітік шықты. Жалпы өнім көлемі 80 мың тоннадан асады деп болжанып отыр.

Ал Ордабасыда биыл егістің көлемі 55 мың гектардан астам болса, бидай дақылы 14 мың гектарға жетіп отыр. Аудандағы егін ору науқаны жұмыстарымен танысқан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қ.Оспанбеков бидайдан 236 мың тонна өнім жинау жоспарланып отырғанын айтты.

006

Басқарма басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс құрылымын әртараптандырудың нәтижесінде соңғы жылдары дәнді дақылдар – 46 мың га, мал азықтық дақылдардың көлемі – 62 мың га, көкөніс, бақша 6 мың гектарға артып, тиісінше, мақтаның көлемі – 40 мың гектарға, ал майлы дақылдардың көлемі 30 мың гектарға кеміп отыр.

Егін орағы науқанымен қатар мал азығын дайындау жұмыстары жүруде. Бүгінгі күнге межеленген үш мың тоннадан астамның 2073 мың тоннасы дайындалды. Айтқандай, биыл күзгі егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін бөлінген жанар-жағар май көлемі өткен жылмен салыстырғанда 5 мың тоннаға артқан.