Оңтүстіктің оқушыларына оқулық жетпей қалуы мүмкін

397

Мектепке қажетті оқу құралдарын сатып алуға қаржы жетпей қалуы мүмкін. Бұл туралы қалалық білім бөлімінің мамандары мәлімдеді. Білім және ғылым министрлігінің талаптарына сай, биыл бірқатар пәндер бойынша оқулықтарды жаңалау қажет. Ал жергілікті бюджетте жаңа кітаптарды сатып алуға ақша әзірге жоқ.

004

Сонымен, Оңтүстікте оқулықтың жетіспеушілігі сезілуде. Әзірге тек 4,5,6 және 11-сынып оқушыларын кітаппен толық қамту мүмкін болып тұр. Жетім балалар, жартылай жетім оқушылар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, әлеуметтік ахуалы төмен отбасылардан шыққан оқушылар оқулықтарды толық алуы тиіс. Қалған шәкірттерге күте тұруға тура келеді. Оқулық мәселесі әлі шешілу үстінде.

Қадырхан Арысбеков, қалалық білім бөлімінің бас маманы: «Қалған сынып оқушыларын кітаппен толық қамту үшін бізге 167 млн теңге жетпей тұр. Біздің бөлім тиісті орынға хат жазып қойды. Егер ақша бөлінсе – оқулықтар да болады. Әзірге жауабын күтіп отырмыз. 31 тамызға дейін бұл мәселе шешілуі тиіс.»

Жыл сайынғы оқулық тапшылығы мәселесі – тек ата-ана емес, сатушыларды да мазалайды. Осы салада жүргеніне алты жыл болған Шымкенттің тұрғыны Замира Алиева кітап алып, сатқанда, тәуекелге бас тіккендей боламын дейді. Себебі, 8-сыныпқа география пәнінен түрлі авторлардың 3 түрлі оқулығы бар екен. Ал 7-сыныптың геометрия пәніне – 4 түрлі кітап. Солардың қайсысы өтіп, қайсысы қоймада қаларын білмеймін дейді.

Замира Алиева, кітап дүкенінің сатушысы: «Ата-аналар келіп, сағаттап кітап күтеді. Ал мен олар қалаған кітаптың жоқ екенін айтамын. Себебі, оқытушылардың өздері қыркүйекке дейін қандай кітаппен оқу керегін білмей қалады. Ал егер бұл мәселе мамыр айында шешілсе, 2-3 айда кітап жинап алуға болар еді.»

Дүкендерде әр оқулықтың бағасы 600 теңгеден 1,5 мыңға дейін жетеді. Сонда, орта есеппен ата-аналарға өз балаларына оқулық сатып алып беруі үшін 15 мың теңгеге дейін шығындалуы қажет. Онда да іздеген кітабын тапса.

Ендеше, өңіріміздегі оқушылар оқулықпен толық қамтыла ма? Бұл сауалдың жауабы 15 тамыздан кейін белгілі болмақ. Әзірше ата-аналарға тек күтуге тура келеді.