Облыс әкімі: «Құрылыста отандық өнімге басымдық беру қажет»

336

«Құрылыс материалдарын сатып алғанда отандық өнімге басымдық беру қажет.» Төле би ауданына жасаған жұмыс сапары барысында облыс әкімі осылай деді. Жаңа форматта ұйымдастырылған есепті жиында облыстық басқарма жетекшілері мен аудан басшылығы алғашқы жарты жылдықта берілген тапсырмалардың орындалуы туралы есеп берді.

Сала басшылары атқарылған жұмыстарды баяндаумен қатар, өзекті мәселелерге тоқталып, оның шешілу жолдарын айқындады. Елбасының бес институттық реформа 100 нақты қадам ұлттық жоспары аясындағы міндеттердің ауданда іске асырылуын сарапқа салды.

003

Алғашқы кезекте жаңадан салынған әлеуметтік нысандардың құрылысына ерекше мән берген А.Мырзахметов ел игілігіне берілген нысандардың сапасын қадағалауды салалық облыстық басқармалар мен ауыл әкімдеріне және жаңа нысанның басшыларына жүктеді. Ауыл әкімдері мен мектеп директорларына ай сайын тұрақты түрде мектептің сапасын қадағалап, облысқа толық мәлімет ұсынуды міндеттеді. Бұл тек білім саласына қатысты мәселе емес, барлық әлеуметтік нысандар мен олардың басшыларына қойылып отырған талап.

«Төле би ауданында 2013-2014 жылдары 40 нысан тапсырылған. Кей аудандар соңғы үш-төрт жыл бұрын қолданысқа берілген нысандарды күрделі жөндеуге қаржы сұрауда. Ал біз қолға алып отырған осы тірліктің нәтижесінде орын алған олқылықтарды мердігер есебінен ретке келтіруді көздеп отырмыз» деген өңір басшысы құрылыс саласындағы түйіткілді мәселелерді тереңінен талдап-таразылады.

Сондай-ақ, құрылыс материалдарын сатып алуда отандық өнімдерге басымдық беруді тапсырды. Одан бөлек жауапкершілікті күшейту мақсатында барлық әлеуметтік нысандарды мемлекеттік қабылдаудан өткізуде салалық басқарманың өкілі арнайы құрылған комиссия құрамына енуі қажет деді.

Леңгір қаласының бүгінгі сәулеттік келбетіне тоқталған А.Мырзахметов бірқатар маңызды міндеттер жүктеп, ауданның табиғи ерекшеліктерін ескеріп, тау бөктері мен өзен-көлдердің жағалауларында көпшілік тынығатын демалыс орындарын ашуды тапсырды.

Сонымен қатар, Леңгір қаласындағы базарлар мен ретсіз сауда орындарын ретке келтіру жайы сөз болып, сауда қатарларын заманауи сауда орталықтарына көшіруде, сатушылардың жағдайын ескеріп, оларға жеңілдіктер қарастыру жөн деді. Бұл тұрғыда жаңа сауда орындарын төрт айға дейін тегін содан соң жалға алу құнын 20 пайыз жеңілдікпен беру шараларын қолға алуды жауаптыларға тапсырды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі