Сарыағаштағы жаңа әлеуметтік нысандардан олқылықтар табылды

475

Облыс әкімі А.Мырзахметов Сарыағаш ауданы әкімінің алты айда атқарылған жұмыстардың есебі мен берілген тапсырмалардың орындалу барысын тыңдады. Мәжіліске аудан әкімі Б.Парманов, облыстық басқарма басшылары мен аудан әкімдігіне қарасты құрылымдық бөлімдердің меңгерушілері мен ауыл әкімдері және өзге де жауапты мамандар қатысты.

009

Кеңейтілген есепті жиында басқармалар мен аудандағы салалық бөлімдердің алғашқы жарты жылдықта тындырған тірліктері тиянақты талданып, жұмысты жетілдіру, жүйелендіру жағы жан-жақты сараланды. Күн тәртібінде аудан аумағында құрылысы аяқталған әлеуметтік нысандардың жай-күйі кеңінен талқыланды.

Бүгінде Сарыағашта соғылып жатқан 31 нысанның екеуінде жоспарланған жұмыс бекітілген кестеден кешігуде. Егер аталған нысандар 20 тамызға дейін тапсырылмайтын болса, жауаптыларға қатаң шара көріледі.

010

Ал былтыр ғана ел игілігіне берілген кейбір білім беру нысандарынан бірқатар кемшіліктер анықталған. Жыл толмай баспалдақтары мүжіліп, қабырғаларға сызат түскенімен, сала мамандары бұл олқылықтарды жауапсыз мердігерлерге ескертпеген.

Ал Сарыағаш қаласындағы 320 орынды балабақша мен спорт кешенінің қаржысы бүгінге дейін толық шешілмеген. Құрылыс жүргізуге қажетті отандық өнімдер ішкі нарықта жеткілікті әрі бағасы да қалтаға қолайлы.

Дегенмен, шекаралас ауданда қазақстандық құрылыс заттарына басымдық берілмей, мердігерлер керек-жарақтарын шеттен жеткізген. Осы жайттарға ерекше тоқталған өңір басшысы кемшіліктерге жол бергендерге қатаң шара көрілетінін айтты.

Жалпы Оңтүстік Қазақстанда 74 млрд теңгеге 225 нысан салынуда. Құрылыс материалдарының басым бөлігі өзімізден шығады. Сондықтан мердігерлерді отандық құрылыс материалдарымен жұмыс жасауды міндеттеу керек деді А.Мырзахметов.