Жәрмеңкеден маза кетті

430

Жеңілдетілген бағада азық-түлік өнімдерін саудалайтын жәрмеңкеден сән де, мән де кетті. Жергілікті кәсіпкерлерді тығырыққа тірегені соншалық, маусым кезінде өнімдері өтпей, тақырға отыруға шақ.

Әр сенбі сайын Әл Фараби алаңында өтетін жәрмеңке қала ортасындағы «Әсел» базарына көшкелі келушілер қатары күрт төмендеген. Оның үстіне базарда сатушылар үшін жағдай жасалмағанын айтқан кәсіпкерлер базарға кіріп-шығуымыз қиындады деп отыр.

Меруерт Көлбаева, жеке кәсіпкер: «Мен Әл Фараби алаңында тұрғанымда апта сайын 5-6 тн сататынмын. Ал мұнда тұрғалы үш апта болды, өтіп жатқан материал жоқ. Жәрмеңке деген ашық алаңда өткені дұрыс деп ойлаймын».

Төребек Иманбердиев, жеке кәсіпкер: «Көлік кіре алмайды. Кем дегенде елу фирманың көлігі келеді. Мына жер кептеліс. Біреуі шығып кетем дегенше, қалғандары кері кетіп қалады. Тым тар. Қолайсыз. Келушілердің қатары да аз».

Ол аздай сатып алушыларға да қиын. Бағасы бірқалыпты болғанымен, базар ішінің тарлығы емін-еркін сауда жасауға кедергі келтіреді. Оның үстіне азық-түлік өнімдеріне таңдау аз. Сондықтан жәрмеңкенің ашық алаңда өткенін қалайды. Ал қалалық кәсіпкерлер бөлімі мәселені бүгін-ертең шешуге асығар емес. Айта өтейік, жергілікті билік аптап ыстықта жәрмеңкені тоқтатуды көздеген болатын.