Жаңарту бағдарламасынан соң пәтерлер қымбаттады

298

Үкіметтің тұрғын үйлерді жаңарту бағдарламасы өзінің тиімділігін көрсете бастады. Былтырдан бері Шымкенттегі тозығы жеткен 100-ге жуық үй жөндеуден өтіп, шаһардың көркіне көрік, сәулетіне сән беріп тұр.

Алғашында бұл бағдарламаға сенімсіздікпен қараған тұрғындар енді кезекке тұрып, үйлерін жөндеп алу үшін қаржының бөлінуін күтіп жүр. Шымкентте салынғанына жарты ғасырға жуықтаған 1000-ға тарта көпқабатты тұрғын үй бар.

Ұлбосын Сейсенова көп қабатты үйде 40 жылдан бері тұрып келеді екен. 5-қабаттағы пәтерде көктем мен күзді қауіптене күтетінін айтады. Жаңбыр жауса бар бөлмесінен су тамшылайды екен. Жаңарту бағдарламасының аясында үйдің шатыры ауыстырылды. Кіреберіс пен аула да жөнделген.

Ұлболсын Сейсенова, қала тұрғыны: «5-қабатта тұратындардың барлығынан су өтетін. Қазір жағдайымыз жақсы, Құдайға шүкір. Шатырды жапқалы су өткен жоқ. Ризамыз. Ауламыз қалай болса солай жататын. Қазір жан-жағы қоршалып, футбол алаңы жасалды.»

Жаңартылған үйлердің тек сыртқы келбеті ғана өзгеріп қоймай, жылуға кететін шығыны да азайған. Әбден тозығы жеткен коммуналдық жүйе жаңарып, жертөленің іші ретке келтірілген. Құрылыс жұмыстарын тұрғындар жіті қадағалап отырады.

Нұржан Қалдыбаев, құрылысшы: «Тұрғындар істеген жұмыстың сапасын көріп тұр. Одан қалса техбақылаушылар да тексеріп, көріп жатыр.»

Шымқалада 7 айда жаңартылуы тиіс 34 көпқабатты үйдің 11-і жөнделіп бітті. Құрылыс жұмыстарына 252 миллион теңге қаржы бөлінген. Ал жыл соңына дейін тағы 23 үйді жаңғырту жоспарланып отыр.

Мұхтар Мұхамбетжан, «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС директоры «Жаңарту бағдарламасы бойынша салынған ақшалар жылға, айға бөлініп қайтарылып жатыр. Сол қайтарылған ақшаны басқа үйлерге салып жатырмыз. Соның есебінен 12 үйге жөндеу жүргізілді.»

Жаңғыртылған үйлердің қызмет көрсету уақыты ұзарады. Одан өзге ондағы пәтерлердің бағасы да қымбаттаған.

khabar.kz