Ұшақ жанармайы қолды болды

796

Шымкентте ұшақтың жанармайы ұрланды. Бұл туралы көліктегі ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, ұрлыққа теміржол күзетінің екі қызметкері мен пойыз машинистінің қатысы болуы мүмкін.

003

Олар екі вагон керосин құйылған цистернаны тепловозбен теміржол тұйығына бұрып апарған. Осы жерде өзгеге тиесілі 22 тонна сұйық отынды құйып алған. Сөйтіп, әлгі вагонды ешкімге білдірместен орнына қайта апарып тіркеп қойыпты.

Келтірілген шығынның жалпы көлемі екі миллион теңгені құрайды. Бұл заңсыздықты алғашқылардың бірі болып ұшақ жанармайына тапсырыс берген жеке компания қызметкерлері анықтапты. Цистерна ішіндегі отынның әжептәуір мөлшерде азайып қалғанын көрген олар бірден құқық қорғау органына шағымданған.

Жедел іздестіру барысында күдіктілер белгілі болды. Алайда ұрыларды ұстау әзірге мүмкін болмай тұр. Тәртіп сақшыларынан бой тасалап жүрсе керек. Соған қарамастан қазір, сотқа дейінгі тексеру амалдары басталып кетті.